Алматы әкімдігі шетелдік блогерлер арқылы отандық туризмді дамытпақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Бүгінде блогерлер заманы десек артық айтпаспыз. Карантин кезінде сұранысқа ие болған желі жұлдыздары жарнама құралына айналып отыр. Мәселен, жуырда ғана Алматы әкімдігі 26 миллион теңгеге шетелдік блогерлерді қалаға шақыртып, туризмды дамытпақ ниетте екені белгілі болды. Инстаграмда ауқымды аудиториясы бар Данияр Хизметов бұл идеяны қолдайтынын айтады.

Данияр Хизметов, блогер:

– Менің ойымша бұл шешім туристерді тарту үшін. Мысалы, ресейлік блогерлердің елімізге келуінің өзі жарнама дегендей. Бұл өте дұрыс, мен қолдаймын. Мұндай жаңалықты ерсі қабылдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

ТМД елдері мен Түркия, Корея мен Біріккен Араб Әмірлігінен блогерлерді алдыртуды Тико да тиімді санайды! «EQ» тобының экс-мүшесі осылайша шетелдіктер Қазақстанның тұмса табиғаты туралы білетін болады дейді.

Tiko.xo, музыкант, тиктокер:

– Блогерлар ғой қазір бүкіл нәрсені дамытатын. Негізі Қазақстан өзіме ұнайды. Каньон бар, шетелде жоқ нәрселер бар да. Бірақ ол туралы ешкім білмейді. Себебі туризм кішкене дамымаған, бәлкім жаңағы турзим жағынан дамытқысы келген шығар.

Десе де, бұл жаңалыққа қарсы шыққандар да жоқ емес. Солардың бірі – Нұрсұлтан Жақсыген. Актер әрі әзілкеш, шетелдік блогерлерге бөлінген қаражатты одан да қазақша контентті дамытуға жұмсау керек дейді.

Нұрсұлтан Жақсыген, актер, әзілкеш:

– Сол ақшаларды сол Қазақстанның блогерлеріне берсінші, қазақ тілінің дамуына зор үлес қосады меніңше. Шетелдік по-любому бір Қазақстанға келіп жаны аши қояды деп айта алмаймын. Өйткені дайын асқа тік қасық болып келеді.

Кейбірінің наразылығына қарамастан, бұл жоба жүзеге асырылып жатқандай. Таяуда ғана Анастасия Решетова Көлсай көліне қонақ болып кетсе, 10 млн оқырманы бар ресейлік видеоблогер Карина Лазарьянц отандастарымызбен түрлі вайндары түсірді. Осылайша, медиатұлғалар өзге мемлекет фолловерлерінің елімізге деген қызығушылығын оятқан-ды.