Мерекелік шаралар тағы шегерілді! Той иелері асабалардан ақшаларын талап етіп жатқаны рас па?

Сообщить о проблеме с эфиром

Күні кеше еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері әлі де жанұялық жиындарға рұқсаттың жоқтығын айтты. Мұны естіген әншілер мен асабалар: «енді тойсыз күніміз не болады?»,- деп сары уайымға салынуда. Расымен, нәпақасын тойдан тауып жүргендер бүгінде қалай күнелтуде? Өздерінен сұрап көрдік.

Күні кеше Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова отбасылық шараларға әлі де тыйымның алынбағанын айтты. Той тұралап, мереке тоқтағанда, бірінші болып әртістер мен жалпы өнер адамдарының қалталарына қиындық салмағының түсетіні анық.

Ел арасында «Елдос колобок» атанып кеткен Елдос Кәдірханов еліміздегі белді асабалардың бірі. Қаржылай қиындық оны да айналып өтпепті. Іс-шаралар тоқтаған соң, шағын бизнесі де уақытша тұралаған. «Әзірге жиған-тергенім карантин аяқталғанға дейін жетеді», - дейді.

Елдос Кәдірханов, асаба:

– Тойдан бөлек өзімнің жеке кәсібім бар. Суши-пиццамен айналысамыз. Оның өзі тоқтап қалды. Ресторанды жауып тастадық.

Әдетте аптасына алты тойды басқаратын асабадан той иелері алдын ала берген кепілпұлдарын талап етпеген. Керісінше «карантин аяқтала салысымен мерекемізді өзің жүргізесің»,- деп келіскен көрінеді.

Елдос Кәдірханов, асаба:

–Той иелері сөйтіп айтып жатыр. Сол датаға ауыстырады, біз сол кезде барып тойларын басқарып береміз. Алған ақшамызды әлі ешқайсысына қайтарып берген жоқпыз. Себебі ешқайсысы «Е, Колобок қайтар менің ақшамды» деген әңгімені айтқан жоқ.

Ал азулы асабалардың бірі Арман Жәнәлиев әзірге қаржылай қиындыққа тап бола қоймағанын айтады. Өйткені оның тоқтамаған кәбісі мен тағы қосымша жұмыстары бар екен.

Арман Жәнәлиев, асаба:

– Мен өзім кішігірім бизнестерім бар жәнеде театрда жұмыс жасаймын. Тойдағы табыс ол қосымша табыс.

Ал актрисалықтан бөлек, әншілікті де қатар алып жүретін Анара Батырхан болса, тойдың тоқтағанына қынжылады. Ол мереке иелерінен алған ақшаларын кері қайтарып беруге мәжбүр болыпты. Бүгінде Батырхан-тегі инстаграм арқылы күн көріп отырғанын айтады.

Анар Батырхан, әнші, актриса:

- Сәуір айында негізінде бір 4-5 той шыққан негізінде. Көп адамдар жарнама жасайды біздің парақшада, сол жағынан кішкене. Ия, әрі жақсы болып жатыр. Инстаграм арқасында.

Той саласында көптен бері жүрген азулы асабалар мен танымал әншілер жақын уақытта қаржылай қиындықтың дәмін сезе қоймас. Ал бұл салаға жақында келгендерге карантиннің кесір болып тиіп жатқаны анық.