Данелия Тулешова АҚШ-та өтетін «America's Got Talent» шоуына шақырту алды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Америка Даниелияны іздейді! Данелия Тулешова әйгілі «America's Got Talent» шоуына қатыспақ. Жас әнші кезекті байқау арқылы әлемге өзін тағы бір мәрте дәлелдемек ниетте! Енді талантты отандасымыз аталмыш жоба үшін АҚШ-қа аттанбақ па?

Данелия Тулешованың айтар жаңалығы жетерлік! Жас әнші бүгінде «America’s Got Talent» шоуына дайындалып жатыр. Еске салсақ, өнерпаз бұған дейін «Голос Украина», «Junior Eurovision» және «The World's Best» жобаларына қатысқан еді.

Данелия Тулешова, әнші:

- Мен енді кезекті ауқымды жобалардың біріне қатысамын. «America's Got Talent» шоуы әрбір әртістің арманы деп ойлаймын. Себебі, бұл байқаудың деңгейі өте жоғары. 200 пайызға барымды саламын!

Данелия бақ сынайтын «Америка жұлдыз іздейді» тележобасы «NBC» арнасынан 2006 жылдан бері көрсетіліп келеді. Онда, әлемнің түкпір-түкпірінен вокал, би, сиқыр және тағы да басқа бағыттар бойынша үміткерлер өз өнерін ортаға салады. Ал, жоба жеңімпазы 1 млн долларға ие болады.

Тулешова «America’s Got Talent»-тің 15-ші маусымына шақырту алған. Алайда, карантин кесірінен конкурстың алғашқы турлары онлайн форматта өтеді.

Конкурстың қызу дайындығына кіріссе де, Данелия өз тыңдарманын ұмыт қалдырмады. Әнші күні кеше су жаңа «OMG» атты трегін жарыққа шығарды. Тулешова жаңа композицияларын «Da NeL» лақап атымен ұсынып отыр.

Данелия Тулешова, әнші:

- Карантин уақытында мен бір емес бірнеше ән жазып тастамдым және ол менің аудиториямның көңілінен шықты. Қатты қуаныштымын, бұл маған шабыт сыйлайды.

Данелия енді карантиннің аяқталуын асыға күтіп жүр. Себебі жас әнші Америкаға аттанып, музыкалық шоу түсіріліміне қатысады.

Данелия Тулешова, әнші:

-Алға қойған басты мақсатым - шығармашылығыма шыңдап кірісу. Және музыкалық шоуға онлайн емес, офлайн қатыссам деймін.

Ал «America’s Got Talent» жобасының жаңа мауысымы 26-шы мамырдан басталған болатын. Көп ұзамай, Данелия да бағдарламада төбе көрсетпек.