Той жасамайсыңдар! Елордалық асабалар отбасылық жиындарға рұқсат сұрап, бас көтерді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Той жасауға рұқсат жоқ! Осыған орай, асабалар наразылық акциясына шығып, шағымдарын білдіруде! Халықтың ақшасына күн көріп жүргендер «мерекелер басталмаса, қайыр тілеп кететін болдық» деп ашынады. Бұған шоу-бизнестің азулы тоймендері не дейді?

Тойлар тоқтап тұр. Ал бұл саланың кәнігі мамандары: «Қаржыдан қағылдық. Жанұямыз аш отыр», - деп арыздарын айтуда. Тіпті Шымкент, Қостанай, Нұр-Сұлтан қалаларының асабалары наразылық акцияларын ұйымдастырып жатыр. Талаптары мейрамханаларды ашқызып, мерекелерді болдыру.

Бірақ талай ірі шараларға мұрындық болып жүрген продюсер – Алтынбек Рахметов бұл тірліктен түк өнбейтінін айтады. Алтынбек мырза «әзірге тойларды тек армандай ғана аламыз» деп қысқа қайырды.

Алтынбек Рахметов, продюсер:

-Тойхана иелері енді соған наразылық білдіріп, шыққанынан түк шықпайды деп ойлаймын. Өйткені бәрібір тойханалар жұмыстарын бастамайды. сондықтан тек қана күту, тек қана сабыр сақтау, тек қана жақсы күндерді армандау.

Продюсер: «Қол жіпсіз байлаулы. Тіпті туған ұлымның тойын жасай алмадым», - деп ашынып отыр.

Алтынбек Рахметов, продюсер:

– Өзімнің де басыма келіп жатыр. Ұлымның үйлену тойын өткізбейтін болдық. Бәрін дайындап, бәрін бір жарты жыл бұрын дайындап келе жатқан тойымыз болмайтын болды. Сондықтан келініміздің тек қана сырғасын салып үйге алып келеміз.

Тойдан қағылған Елдос Қадырханов та қаржыдан қысылып жүргенін жасырмайды. Асабаның да арманы тезірек мерекелерге рұқсат алу екен.

Елдос Қадырханов, асаба:

– Елімізде болып жатқан, жалпы елімізде емес әлемде болып жатқан үлкен дерт – короновирус. Соның кесірінен біз енді постоянно «Қазақтың тойы бітпесін» деп жар салып, шырылдап жүруші едік. Енді өкінішке орай той да тоқтады, той ғана емес жалпы әлем бойынша бүкіл движение тоқтады.

Ал талай тойда жүргізушілік қызмет атқарып жүрген Ләйлә Сұлтанқызы болса, ауқымды шараларды шегере тұрғанды құп көреді. «Тойға рұқсат берілер болса, аурулар саны артып кетуі мүмкін», - дейді ол. Сұлтанқызы бұл саланың мамандарына сабыр тіледі.

Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші:

– Расында да той саласында жүрген, ивент саласында жүрген қаншама адам қазір жұмыссыз отыр. Енді тойды болдырмаудың бірден бір себебі ол – сақтық шарасы. Өйткені қанша «қорғанып жүріңіздер, сақтанып жүріңіздер, маска киіңіздер» дегенмен, көп адамдар мысалы орындап жатқан жоқ. Сондықтан егер қазір рұқсат беретін жағдай болса, онда әрине вспышкадан қорқады. Қайта жаңа аурулардың саны көбеюден қорқады.