Батыстық өнер өкілдері түлектерді онлайн құттықтады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Джастин Тимберлейк, Шон Мендес, Тэйлор Свифт, Бейонсе мен Дженнифер Лопес! Бұл биылғы түлектерді онлайн құттықтаған жұлдыздардың бір бөлігі ғана. Шоу-бизнес саласының қаймақтары бірігіп, пандемия кесірінен бітіру кешінсіз қалғандарға тікелей эфир арқылы концерт берді. Ал ерек форматтағы салтанатты ұйымдастыру идеясы АҚШ-тың бірінші ханымы Мишель Обамаға тиесілі.

Төрт сағаттан асатын онлайн-шоуға басы-қасы 70-тен астам жұлдыз қатысқан. Бітірушілерге басу айтып, игі тілегін білдіргеннің бірі - Бейонсе болды.

Бейонсе, әнші:

- Тарихтағы әрі өміріміздегі маңызды сәтті бастан кешіріп жатырмыз. Сен үлкен өмірге қадам басқалы жатырсың. Оң шешімге келіп, жолың ашық болғанын қалаймын. Осы айтулы күнмен құттықтаймын.

Бұл шоуда тіпті, түлектерге арналған мантияны қолда бар дүниемен қалай әзірлеуге болатыны туралы лайф-хактар көрсетілді. Танымал тележүргізуші Джимми Киммел пицца қорабынан жасалған бітіруші бас киімін көрсетіп, көпті күлкіге қарық қылды.

Қысқаcы, онлайн форматта өтсе де, бітіру кеші қызықтарға толы болды. Ол үшін әнші Megan Thee Stallion асханада кішігірім концерт қойып, барын салды.

Меган бұл күні өз өнерін ортаға салған жалғыз жан емес. Мәселен, Кэти Пэрри шоу үшін арнайы студияға барып ән салса, корейлік BTS боизбенді тұтастай алаңқайда жалға алып, түлектерге туындысын тарту етті.

Ал қалған өнер өкілдері болса, Zoom қосымшасы арқылы байланысқа шығып, бірге ән салды.

Мэрая Кэри, әнші:

- 2020-шы жылдың түлектері, біз сіздерді құттықтаймыз!

Қысқасы, 4 сағаттың ішінде шоу-бизнес өкілдері өз өнерін көрсетіп үлгеруге барынша тырысты. Онлайн өтсе де, бұл салтанат түлектердің мәңгі есінде қалары анық.