Данелия Тулешова «America's Got Talent» шоуының әділ қазыларын таң қалдырды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Данелия Тулешова тағы да ел аузында! Жас өнерпаз АҚШ-тың әйгілі «America's Got Talent» шоуының алғашқы кезеңінен сүрінбей өтті! Оның өнеріне тәнті болған қазылар алқасы, таңданысын жасыра алмаған көрінеді. Ал Данелияның өзі болса, бұл байқауға қатысты не дейді?

Данелия Тулешова «America's Got Talent» шоуында! Жас өнерпаз конкурстың бірінші кезеңінде канадалық әнші Фаузияның «Tears of Gold» әнін орындап, әсем даусымен көпті тәнті ете білді.

Данелия Тулешова, әнші:

- «America's Got Talent» шоуы әрбір әртістің арманы деп ойлаймын. Себебі, бұл байқаудың деңгейі өте жоғары. Мен әлі күнге дейін бұл жобаға қатысып жатқаныма сене алар емеспін.

Аталмыш жобаның 15-ші маусымына шақырту алған Данелия, бұл шоуға баяғыдан қатысқысы келгенін айтады. Онда танымал британдық тележүргізуші Саймон Коуэлл, актриса әрі сәнбике Хайди Клум, актриса Джулианна Хаф және актер Хоуи Мэндел қазылық етеді.

Саймон Коуэлл, тележүргізуші, продюсер:

- Сенің жасыңда мықты әртіс болу көптің қолынан келе бермейді. Талғамның өте жоғары екені көрініп тұр. Айтарға сөзім жоқ, өнеріңмен тәнті еттің.

Хоуи Мэндел, актер:

- Әуен бастала сала, жүрегімізді жаулап алдың. Бойыңдағы нәзіктік пен талант қошеметке лайық. Егер сен өзіңе сенсең міндетті түрде жетістікке жетесің.

Джулианна Хаф, актриса, сәнбике:

- Өнер үшін жаралғандайсың. Кішкентай болғаныңа қарамастан, біздің таң қалдырдың. Келесі әніңді асыға күтетін боламын.

Еске салсақ, «NBC» арнасы ұсынған «Америка жұлдыз іздейді» тележобасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген үміткерлер вокал, би, сиқыр және өзге де бағыттар бойынша өз өнерін ортаға салады. Жеңімпаз 1 млн долларға ие болады. Шоу 2006 жылдан бастап көрсетіліп келеді.

Данелия Тулешова, әнші:

– Мен өзімді көрсету үшін 200 пайызға барымды саламын. Себебі, бұл менің арманым болатын. Енді міне орындалды. Сондықтан мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысамын.

Тулешова енді «America's Got Talent»-тің екінші кезеңінің дайындығына кіріспек. Жобадан шықпай, 10 реттен көп өнер көрсете алған қатысушы ғана финалға өтеді. Жеңімпаз әділ-қазылдар алқасы мен көрерменнің дауыс беру арқылы шешіледі.

Данелия Тулешова, әнші:

-Менің қазіргі басты мақсатым «America's Got Talent» шоуынан шығып кетпеу. Менің өнерімді міндетті түрде бақылып отрыңыздар!