Актер Еркебұлан Дайыров Балуан Шолақты сомдау үшін 15 келі салмақ қосқан!

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық актерлар да Кристен Стюарт секілді тарихи туындыларға түсуді армандайды. Ол үшін киногерлер артық салмақ қосып, иммиджын өзгертіп, түрлі жанкештілікке әзір. Неліктен әрбір әртіс тарихи туындыға түсуді армандайды?

Тарихи туындыға түсу бүгінде кез келген отандық актердың арманы. Ал сол көздегені орындалғандар, кино кейіпкерінің образына ену үшін қандай құрбандықтарға бара алады? Мысалы, Еркебұлан Дайыровқа «Балуан Шолақты» сомдау үшін 15 келі салмақ қосуға тура келіпті.

Еркебұлан Дайыров, актер:

- Оның тарихы, автобиографиясы жағынан ешқандай қиындық болған жоқ, материал жетіспеушілік болған жоқ. Тек біздің көбірек күш салып жұмыс істеген жеріміз ол сыртқы болмысы, фактурасы, жаңағы салмақ, бұлшық ет. Күніне 8 рет тамақ ішу деген сияқты.

Дайыров одан бөлек «Тобол» атты тарихи лентада да бой көрсетіп, жоңғар қолбасшысының рөлін сомдаған.

Еркебұлан Дайыров, актер:

- Әрбір геройдың өзінің шындығы бар. Мысалы менің геройымның шындығы – ол өзінің жері үшін, өзінің Отаны үшін, өзінің шекарасы үшін, қан төгіп, сол үшін күйіп-пісіп жүрген адам. Міне, оны зұлым деп айтуға болмайды.

«Тұмар» ханшаның рөлі – Альмира Тұрсынның кино әлеміндегі бағын жаққаны сөзсіз. Бұған дейін психолог болып қызмет еткен Алмираның қабылдауына бүгінде, адамдар актрисаны көру үшін жазылатын болған. Еске салсақ, сылқым өз рөлі үшін алты ай бойы семсерлесу мен қылыштасуды меңгерген.

Альмира Тұрсын, актриса:

- Сұрақтарым болды. Сол сұрақтарымды режиссерге қойып. Кітаптарда оқып. Бізде өте көп историктер бар, редакторлар бар. Сонымен келісіп, сұрап, бәріміз жабылып сол образды шығардық.

Бір ғана туынды өмірін күрт өзгерткендердің тағы бірі – Асылхан Төлепов. Бірақ актер саннан көрі, сапаға көп мән беретін болып шықты. Ол «Жау жүрек мың бала» фильмінен кейін, толықметрлі екі ғана картинада бой көрсеткен.

Асылхан Төлепов, актер:

- Осы соңғы экранға шыққан фильмдерім «Финансист» және «Көкпар» туралы фильм. Қырғызстанда «Көк бөрі» деп шығарды. Енді ол фильмдердің мағынасы бар, айтар ойы бар.

Естеріңізде болса, «Көк бөрі» фильмі үшін Асылхан Қырғызстанға арнайы барып, көкпаршылармен бірге жаттықан еді. Әр рөліне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Төлепов бүгінде тарихи туындыларға шақырту күтіп жүрген көрінеді.