Санжар Мәдидің кәсібі карантин кесірінен құрдымға кеткен бе?

Сообщить о проблеме с эфиром

Карантин Санжар Мәдидің де жоспарларын күл-талқан етті. «Халықаралық кинофестивальдер мен шетелдік түсірілімдер, бәрі де белгісіз уақытқа шегерілді», - дейді ол. Салы суға кеткен өнер иесі енді өзін басқа салада сынап көрмек пе?!

«Пандемия барлық жоспарымды құртты»! Бұл Санжар Мәдидің жан-айқайы. Түрлі фестивальдер мен шетелдегі жобаларда бой көрсету мүмкіндігінен айырылған өнер иесі, киноның бүгінгі ахуалына алаңдаулы.

Санжар Мәди, актер:

- Карантин қарсаңында Минскте түсірілім болу керек еді. Өзім бой көрсеткен фильмдер қатысатын Канн, Щвейцариядағы кинофестивалдерде төбе көрсетуім керек еді. Америка мен Ресейде де жобаларым болған. Жалпы киноматография, өнер саласы қазір қиын жағдайда.

Әзірге карантин режимі түгелдей тоқтатылып, түсірілімдері басталғанша Мәдиев өзін режиссерлік қырынан сынап көрмек. Еске салсақ, Санжар скринлайф форматындағы тырнақалды туындысын таспалауға кіріскен еді.

Санжар Мәди, актер:

- Фильмнің сценариін жазу оңай емес. Ешкімді ренжіткім келмейді, бірақ ол арзанқол вайн немесе бірминуттық ролик емес. Ауқымды әрі түрлі оқиға желісі өрбитіндіктен, ұзақ уақытты алып жатыр.

Мәдиевтің актерліктен бөлек, бүгінгі табыс көзі – өнер мектебі. Карантинге дейін ашылған білім ордасы жіті бақылауды талап етеді. «Сақтық шараларын ескеріп, оқуды онлайн режимге ауыстырғанда, оқушылар саны арта түсті», - дейді ол.

Санжар Мәди, актер:

- Онлайн режимге шарасыздықтан ауысып едік. Бірақ керісінше оқушылар саны артып, сағатымыз көбейді. Бірақ карантинде мектеп ешқандай пайда көрмеді. Оқушылардан түскен табысты тек ұстаздарға бөліп бердік. Пайызын да ұстамадым.

Санжардың 4 жасар қызы да өзін актриса ретінде сынап көріпті. Умай жарнамаға түсіп, алғашқы гонорарын да алған екен. Жұлдызды әке бұрымдысы болашақта кино әлеміне бет бұрса, толағай табысқа жететініне сенімді.

Санжар Мәди, актер:

- Қолынан келеді деп ойлаймын. Үйде түрлі сахналар қойып ойнаймыз. Қызым үстелдің үстіне шығып, өнер көрсеткенді жақсы көреді, өлеңдер оқиды.