Жұлдыздар карантин кесірінен мамандық ауыстырмақ па?

Сообщить о проблеме с эфиром

Мамандық ауыстырамын! Көптеген өнер өкілдері карантин кесірінен нәпақадан жұрдай болып жатқандарын жасырмайды. Сондықтан сахна саңлақтары уақытша басқа салада бақ сынап көруден кетәрі емес.

Мәселен бұрын гонорары жаға ұстататын Тәуекел Мүсілім бүгінде кішігірім жобаларды місе тұтуға мәжбүр. Егер карантин қайта жалғасатын болса, актер: «Диплом бойынша жұмыс істеймін немесе шет елге кетемін», - деп мықтап бекініп отыр.

Тәуекел Мүсілім, актер:

– Енді жұмыс болмай жатса өнерде, амал жоқ өмір сүру үшін басқада жұмыс түрін көруге тура келеді. Өзімнің дипломым бар. Инженер-механик. Машина жасау саласы. Біздің елде әрине ол сала дамымаған. Көреміз, Қазақстанда болмаса мүмкін шет елге кетіп қаламын. Шет елде жұмыс істеп.

Ал өнерге жаңадан тәй-тәй басып келе жатқан Заңғар Нұртас: «карантин жалғасатын болса, әке жолын жалғаймын», - дейді. Жас әнші пандемия кесірінен қиындықтарға тап болғанын жасырмайды.

Заңғар Нұртас, әнші:

– Мен негізі жеке меншікпен де айналысамын. Өйткені әкем негізі жеке меншік саласында жұмыс істеген. Сондықтан мен барлық салада өзімді көргім келеді. 5 жыл шет елде оқып келдім. Барлығын көргім келеді. Сондықтан барлығы да болады деген ойдамын. Карантин егер жалғасып жатса, басқа салада да жұмыс істеп көруге болады.

Ал белгілі вайнер Нагимуша қандай қиындық болмасын, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуден түбегейлі бас тартады. Шет тілі пәнінің мұғалімі болып көрген ол: «Балалармен жұмыс істеген қиын», - деп қысқа қайырды. Карантин жалғасады деген күдігі басым блогер алға бірнеше жоспар құрып та қойыпты.

Нағима Настевич, вайнер:

– Дәл осы сұрақтармен кездестім бетпе бет. Өзіме сондай сұрақтарды қойдым. Сұрақтың шешімін таптым деп ойлаймын. Мүлдем мен қазір өз мамандығымды өзгертсем сол дұрыс емес деп ойлаймын. Керісінше қазір мен бүкіл бар нәрсеме тағы да бір нәрсе қоссам ба деп едім. Осы интернет желісі арқылы ары қарай өз өзімді дамытып, мысалыға интернет дүкенді ашсам ба деп ойладым.