Карантиннен кейін жұлдыздар жаппай кәсіп ашуда!

Сообщить о проблеме с эфиром

Пандемия кесірінен шығармашылығы тұралап, кәпкерлікке кіріскендердің бірі – «Музарттық» Кенжебек Жанәбілов. Әнші енді әуезді әндерін емес, тыңдарманына тәттілерін тарту етпек. Өнер иесі, той-томалақтың уақыты келгенше, өзін бизнесмен ретінде сынап көрмек.

Кенжебек Жанәбілов, «МузАрт» тобының әншісі:

- Енді қай жерде несібең болады, сол жерге барып жұмыс жасай берген дұрыс қой. Бір жұмысқа ғана қадалып қарап отырмау керек. Еңбек ету керек. Ол ер адамның парызы, еңбек етіп отбасын асырау.

«Музарттың» кенжесі өнердегі ағаларының кеңесіне құлақ түргенім дұрыс болды деп отыр. Өйткені «кәсіпке бет бұр» дегендердің бірі - Сәкен Майғазиев екен. Шығармашылықтан бөлек, бүгінде бірнеше кәсіптің басын ұстаған Майғазиев, пандемия кезінде қиындықтан дәл осы – қосымша бизнесі алып шыққанын мойындайды.

Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері:

-Тура осы карантиннің кезінде Алланың қалауы деп айтайын, сол көп тығырықтан шығарды, көп жыртығымды жамады. Неге қазақтың танымал азаматтары неге керемет бет әлпеттерін, келбетін неге жақсылыққа пайдаланбасқа, неге бизнеске пайдаланбасқа? Неге Криштиано Роналдуға жарасады. Қазақ қалталы болу керек, кез келген қазақ кәсіппен шұғылдану керек.

Ал Арман Дүйсенов әзірге өнердегі інілеріне тек қызыға ғана қараудан басқа амалы жоқ. Композитор тәуекелге бел буып, кезінде бірнеше кәсіптің басын шалған. Алайда сазгер: «Бизнеске де икем болуы тиіс», - дейді. Оның пікірінше, бір кәсіпті дөңгелетіп отырудың өзі нағыз талант.

Арман Дүйсенов, композитор, әнші:

- Ол менің қолымнан келмейді ғой. Мен қанша рет, баяғы студент кезімде біздер өзімізше көкеніс, жеміс-жидек сатып көргенбіз. Балық сатып көргенбіз. Күнінде ет те сатып көргенбіз. Айналыспаған тірлігіміз жоқ, шынын айту керек. Қолымнан келмеді. Себебі мен анау математика, практицизм, прагматизм деген сияқты сезімдерден жұрдаймын ба бірдеңе.