Жахан Отарғалиев өзінің веб-сериалын түсірмек!

Сообщить о проблеме с эфиром

Соңғы кезде қазнет қолданушылары арасында веб-сериалдар трендке айналғандай! Сұраныстағы актердың өзі ютубтағы телехикаяларда төбе көрсетіп, тіпті аталмыш желіге арнап туынды таспалауға кіріскен. Мәселен, толықметрде миллиондап табыс тауып жүрген Жаһан Отарғалиев көп ұзамай өзінің веб-сериалын түсірмек.

Жахан Отарғалиев, актер:

– Жалпы мен бұрын-соңды сериалға түсіп көрмегенмін, сериалдарға шақырған. Бірақ түсіп көрген жоқпын. Бірінші рет қазір сериалға түсіп жатырмын. Өзім де қазір ойланып, ойланып мүмкін өзімнің де сериалымды шығарып қаламын ба деген ой бар.

Еске салсақ, бүгінде ННН, Есентай Ниязбаев бастаған желі жұлдыздары төл телехикаяларын таспалап, көрерменнің ықыласына ие болуда. Ютубқа жүктелген веб-сериалдар санаулы сәтте миллиондап қаралым жинайды. Телевизия саласында бұрыннан жүрген әзілкеш Марат Оралғазин бұл үрдісті желіде қазақша контенттің жоқтығымен түсіндіреді.

Марат Оралғазин, шоумен, әзілкеш:

– Бұрын трендті ашып қалсаң, Ресейдің видеолары тұратын еді, қазір енді қазақша сериалдар, осындай бағдарламалар көп шығып жатады. Сол қуантады. Демек біз өзіміз енді өндіруші ретінде қазақ тілді контент көбірек шығарумыз керек.

Еске салсақ, ютубқа жүктелген видеолар қаралымына байланысты қаржы табады. Алайда, аталмыш желі арқылы кірістің аздығын алға тартқан режиссер Қанат Бейсекеев елімізде кино көретін қазақстандық қосымша қажет екенін айтады.

Қанат Бейсекеев, режиссер:

– Мен бұрыннан бері тек ақылы платформалардан кино көремін, музыка да, фотошоп та тегін емес. Себебі қазіргі заманда бәрі сапалы дүниені қалайды. Уақыт өзгерді, сондықтан халық та ондайға үйренді.

Десе де, веб-сериал мен стримингтік сервистерге күмәнмен қарайтындар табылды. Киногер Нұртас Адамбай: «Әзірге туындыларды табыс көзіне айналдыру мүмкін емес», - дейді.

Нұртас Адамбай, режиссер:

– Қазақстанда өкінішке қарай халық саны аз, елімізде фильмдерді монетизациялау мүмкін емес.

Сондықтан режиссер өз картиналарын үлкен экран арқылы, дәстүрлі жолмен ұсынуды жөн көреді.