Фархат Молдағали «Махаббат қызық мол жылдар» қойылымын ұсынды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Фархат Молдағали жас режиссер болса да, ұсынған әрбір спектаклі ерекшелікке толы. Соның бір дәлелі Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында «Махаббат қызық мол жылдар» премьерасының аншлагпен өтуі. Бұл қойылымды сахналауға өнер иесі ұзақ дайындалған.

Фархат Молдағали, режиссер:

– Бұл спектакльді қою идеясы осыдан бір 5 жыл бұрын десем артық айтпаймын. 5 жыл бұрын келген және де сол спектакльді ең бірінші инсценировка дейді ғой, сахналық нұсқасын 5 жыл бұрын жасағанмын. Содан кейін 6 нұсқасын жасадық, соның ішіндегі мынау ең ойымызға маза бермей жүрген кезде соның бір жарып шыққан күні болды.

Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі романы желісі бойынша баяндалатын махаббат, шынайы сезімдер қойылымда режиссердің бүгінгі күнге сай көзқарасы арқылы жаңаша, өзгеше түрде көрсетіледі. Актерларды рөлге Фархат Молдағали өзінің ұйғарымы бойынша бекіткен. Шығарманың басты қаһармандары Ербол мен Меңтай. Қойылымда Ербол рөлін актер Дархан Сүлейменов сомдайды.

Дархан Сүлейменов, актер:

– Көптеген спектакльдерде мысалы кішкене актерский беретін болсақ, техникаға салып кететін жерлер болады. Жетпей жатқан жерлерін дауысқа салып жіберетін кездер болады. Бұның ең бір басқа спектакльдерден ерекшелігі бұл өмір сияқты болады барлығы сонысымен ерекше деп ойлаймын.

Ал Меңтайдың образына лайық деп Гүлбаһрам Байбосынова таңдалған. Режиссер шешімімен сахнада Меңтайға төбеден су құйылып, қойылым көрермендерге өзгеше әсер сыйлайды.

Үсті басы малмандай болғанына қарамастан, актриса кейіпкерін жоғары деңгейде сахналап шығуға тырысты.

Гүлбаһрам Байбосынова, актриса:

– Бұл рөлге режиссердің өзі алды. Алдында бір қойылым қойған еді, «Құлагер» қойылымы. Сол спектакльден кейін мен сені бір рөлге аламын деп айтқан еді, өзінің сөзінде тұрды, Меңтай рөлі маған бұйырды.

Бас кейіпкерлерден өзге актерлар да бұл премьераның репетициясына бей-жәй қарамай, тыңғылықты дайындалған. Соның бірі автор рөлін сомдаған Ерден Жақсыбеков.

Ерден Жақсыбеков, актер:

– Екі-үш айдың көлемінде біз сондай театрдан шықпай, кіріп кетіп жан-жақтағы жұмысымызды ысырып қойып, түнделетіп болсын, күндіз болсын бар жан-тәнімізбен жасадық.

Көрермендер жаңа идеяларға жаны құмар режиссер Фархат Молдағалидың кезекті тың туындысына үлкен қошемет көрсетті.