Лионель Месси жетінші мәрте «алтын доп» иегері атанды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Айтулы сәтте футболшының жанынан ет жақындары табылды! Аяқдопшының әйелі Антонелла Рокуццо мен үш ұлы да маңызды сәтте залда отырды. Жұлдызды жанұяның шараға әбден дайындалғанын байқауға болады. Әсіресе, Мессидің өзі сынды жылтыр костюм киген атұстарлары еріксіз көптің назарын аударды.

Лионель Месси, футболшы:

- Дәл осы сахнаға екі жылдан кейін қайта оралу ерекше сезім! Көбі менен футболдан қашан кетесің деп сұрайды. Бірақ көріп отырғандарыңыздай дәл қазір Париждемін. Футбол менің өмірім, олсыз өмірімді елестете алмаймын!

Бұл марапатты франциялық «France Football» журналы 1956 жылдан бері тұрақты түрде өткізіп келеді. Биыл жылдың үздік ойыншысы атағынан үміткерлер қатарында 30 футболшының есімі аталды.

Еске салсақ, 2021 жылы Месси Аргентина құрамасымен бірге Америка Кубогының жеңімпазы болды. Ол осы маусымды ПСЖ құрамында өткізеді. Форвард карьерасының үлкен бөлігін «Барселона» құрамында өткізді. Каталониялықтармен бірге ол Чемпиондар Лигасын төрт рет жеңіп, он рет Испания чемпионы атанды. Өткен маусымда ол 50 матч өткізіп, 40 гол соқты.