Анатолий Цой қалтасын қалыңдату үшін, бірнеше кәсіптің тізгінін ұстауы тиіс!

Сообщить о проблеме с эфиром

Анатолий Цойдың ресейлік «MBAND» тобында өнер көрсеткелі бері, ТМД елдерінде танымалдылығы артқан-ды. Сері атағын тиімді пайдаланып қалу үшін жеке бизнесін де бастаған. Әнші бүгінде ерлерге арналған топтама шығарумен қатар, ғаламторда блог жүргізіп жүр.

Анатолий Цой, «MBand» тобының әншісі:

- Барлығын қатар алып жүру оңай шаруа емес. Себебі, қазіргі таңда қолға алған жаңа жобаларым жетерлік. Оған қоса, жақында вокал сабағынан онлайн мектеп ашуға ниеттеніп отырмын.

Түрлі кәсіпті дөңгелетіп жүрген Анатолийдың мақсаты – қалтасын қалыңдату. Себебі, музыкант таяуда ғана жеке шығармашылығын дамытуды қолға алған еді. Енді соло әнші ретінде әр ісіне өзі жауапты. Ал, Цойдың біраз уақыт бұрын бастаған дизайнерлік ісі бүгінде қарқынды дамып жатыр.

Анатолий Цой, «MBand» тобының әншісі:

- Егер мен Ресейде 60 дүкен ашсам ғана, маған Қазақстанда да өз франшизамды ашуға мүмкіндік бар. Бұл мен үшін мотивация болып отыр. Сондықтан туған елімде брендімді жандандыру мен үшін үлкен мәртебе болар еді.

Константин Меладзенің қарамағында 5 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан Цой тележүргізушілік қырынан да танылып үлгерді. Еске салсақ, сері «Саранхэ» атты тележобасымен «Тэфи» марапатының «прайм-таймдағы үздік ойын-сауық шоуы» аталымы бойынша жеңіп шықты.

Анатолий Цой, «MBand» тобының әншісі:

- Телевизия саласында мұндай жетістікке жетемін деп ешқашан ойлаған жоқпын. Мен үшін бұл жаңашылдық. Ары қарай жалғастыра беретінім сөзсіз. Себебі, мен ютубтағы жеке арнамда блогтарымды жүргізем.

Бұдан өзге Анатолий түрлі компаниялардың бренд амбассадоры. Бүгінгі таңда, бірнеше бизнес пен шығармашылықты қатар алып жүрген музыкант «алар асуым әлі алда» дейді.

 

Для добавления комментариев вам нужно авторизоваться