Виктория Торгунакова, Ticketon.kz компаниясының бас директоры:
– Ticketon awards негізгі мақсатына байланысты форматы да өзгерді. Біз бастапқыда театр әртістерін ред-карпеттен жүргізіп, лайық көңіл бөлуді міндет еттік. Және бұл ойды жүзеге асыра алдық. Ал қазір өнер адамдарына материалдық қолдау маңызды деп ойлаймыз. Сондықтан Тикетон бөлетін қаржының басым бөлігін олардың жобаларын қолдауға жұмсамақпыз.
Биыл дауыс беру тәртібі де өзгерген. Бұған дейін жеңімпазды тек көзі қырағы көрермен анықтаса, биыл білікті сарапшылардың да ойы ескерілген. Ұйымдастырушылар комитетінің құрамына таңдалғандар қатарында продюсер Ева Бехер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер Жан Байжанбаев бар.
Жан Байжанбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Ticketon премиясы 8-рет ұйымдастырылып жатыр. Жеңіске жеткен адамдардың бәрі лайық екені сөзсіз. Барлығын құттықтаймыз. Бұрын республика сарайында өтіп, шектеулі адам қатыса алатын. Бүгін міне онлайн форматта өткен соң Қатысушылардың миллиондаған аудиториясы да тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
300 қатысушы 26 номинация бойынша бақ сынады. Қазақстандық жыл концерті аталымы Димаш Құдайбергенге бұйырды. Жеңімпаздың өзі тікелей байланысқа шыққан жоқ, алайда әкесі Қанат Айтбаев алғысын білдіріп, ұлымен мақтанатынын жеткізді.
Жеңіс тұғырынан Жазира Еркін де көрінді. Жақында театр сахнасында дебют жасаған өнер иесі «жыл кино актрисасы» номинациясын иеленді.
Үздік деп танылған әрбір қатысушыға тікелей эфирде ақшалай сыйлықтар табысталды. Жалпы жүлде қоры 58 млн теңгені құраған екен. Жеңімпаздар бұл қаржыны жобаларын жаңа деңгейге шығарып, жаңа бастамаларын іске асыру мақсатында қолданбақ.