Актриса, режиссер, диджей! Өнердің қыр-сырын меңгерген Алмагүл Сағындық енді шоу-бизнестен түбегейлі кетпек пе?

Сообщить о проблеме с эфиром

Актриса, режиссер, диджей! Өнердің қыр-сырын меңгерген Алмагүл Сағындық енді шоу-бизнестен түбегейлі кетпек пе?

 

Адам екі таңдаудан қателеспеуі тиіс: бірі – өмірлік жар, екіншісі – мамандық. Актриса Алмагүл Сағындық әзірге ақ көйлек киіп қалыңдық атанбады. Ал мамандық таңдауда бір шешімге келе алмай, әлі күнге дейін өнерден өз орнын таппай жүр. Шығармашылық тоқырауға ұшыраған ару 1 жыл бойы ешқандай жобада бой көрсетпеді.

Алмагүл Сағындық, актриса:

– Бұл өзімнің шешімім болды. Себебі, кішкене өзімді жоғалтып алдым. Өзімнің қозғалысымның мәнін түсінбей кеттім және жобада жүрген кезде процесстен ләззат ала алмай кеттім.

 

Уақытша күйзеліске тап болған өнер иесі жан тыныштығын шетелден іздеген. Актриса Индонезия елінің Бали аралдарында 4 ай тұрақтап, өз өзімен оңаша қалуды құп көрген-ді.

Алмагүл Сағындық, актриса:

– Ол өте жақсы мүмкіндік. Сен өзіңмен, өзіңнің ойларыңмен, қорқыныштарыңмен жеке қала алатын. Сенде яғни, ешқандай жауапкершілік жоқ.

– Ал бірақ сол кезде өнерден кетем деп ойладыңыз ба?

Алмагүл Сағындық, актриса:

– Иә иә. Мен тіпті сұқбат та берген болатынмын «Мүмкін бұл менің соңғы жобам. Мүмкін мен енді түспейтін де шығармын» деген сияқты. Бірақ бір түсінгенім, маған барлығынан бас тартып кету оңай екен.

 

Актриса, режиссер, диджей. Айта кетейік, Алмагүл жылдар бойы бірқатар толықметр мен веб-сериалдардың жұлдызы болды. Сонымен қатар, Аршат пен Қуаныш Нұрғазы есімді музыканттардың бейнебаяндарына режиссерлік етіп, «TÓBE» музыкалық бірлестігінде диджей де атанған еді. Бір бойында бірнеше қабілеті бар арудың шығармашылық тоқырауға ұшырауына да осы себеп болған сыңайлы:

Алмагүл Сағындық, актриса:

Мен өзімнің қыз бала екенімді, бірінші әйел екенімді ұмытып кеттім. Яғни іште үлкен қарама-қайшылықтар пайда болды. Сондықтан да сол тоқырауға түстім деп ойлаймын.

 

Бали аралындағы демалыс өнер иесіне жаңа шабыт сыйлағандай. Шығармашылық үзілістен оралған Алмагүл бүгінде ұсыныстарға ашық. Тіпті «Бір ғана шартым орындалса, гонорарға да қарамай киноға түсе беремін!» дейді актриса.

Алмагүл Сағындық, актриса:

– Мен сценарий оқыған кезде жүрегім бір бірдеңе, ішімде бірдеңе жыбырласа, мен сол жобаға барамын.

 

Авторы: Ш. Құсаинова