Сүйінші! НТК арнасында жаңа жоба!

Сообщить о проблеме с эфиром

Мөлдір Нұрғалиқызы, тілші;

НТК телеарнасында жаңа жоба! «Жаңа казахи» енді орыс тілде сөйлейтіндерді қазақша үйретеді. Біз дәл қазір бағдарламаның түсірілім алаңындамыз. Ендеше қызықты процесске бірге куә болайық.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демей ме біздің қазақ?! Тіл тақырыбы қай кезде де өзекті. Біраз жылдан бері мемлекеттік тілді насихаттап жүрген ОрысStar бұл жолы қазақша үйретудің ерекше, әрі қызықты телевизиялық жобасымен қайта оралды.

Жалпы осы қазақ тіліне, қазақ мәдениетіне деген махаббат қашан, қай кезде басталды?

Таня Турлай, «Жаңа казахи» телешоуының қатысушысы:

Мен ауылда өстім. Мен қазақ мәдениетін жақсы көремін. Менің анам маған көп нәрсе үйретті. Мен қазақ мәдениетін өте қатты сыйлаймын, өте жақсы көремін. Міне, қараңызшы, қандай әдемі әшекей-бұйым.

Марселен Камате, «Жаңа казахи» телешоуының қатысушысы:

Мен бұрыннан бері қазақ тілін өте қатты жақсы көремін. 2010-жылдан бастап меңгердім. Білмейм маған ұнайды. Менің ой-толғауым сондай. Қай елде тұрасың сол елдің тілін білу керек. Ағылшын тілі әлемдік тіл болды ғой. Неге қазақ тілі әлемдік тіл бола алмайды?

Бірі ана тілімізді әлемге танытқысы келсе, екіншісін басқа жағдай қынжылтатын көрінеді.

Сергей Закора, «Жаңа казахи» телешоуының қатысушысы:

Өйткені, Қазақстанда қазақтар да қазақша таза сөйлемейді. Барлығы емес, бірақ кейбіреулері. Негізі бұл менің жұмысым. Қазақ тілін меңгеру, қазақ тілін дамыту. Дәл қазір біз «Жаңа Казахи» деген жобамызды аштық НТК арнасымен әрине.

Қазақ тіліне шынайы жанашырлар тіл үйренудің жаңа тәсілін ұсынады. Көз көріп, құлақ үйренген түрлі курстар мен онлайн сабақтар жалықтырғанда «Жаңа казахи» жобасын қараңыз. Себебі:

Таня Турлай, «Жаңа казахи» телешоуының қатысушысы:

«Жаңа казахи» шоуы ол өте ерекше жоба. Сергей, Марселен және мен біз әрине жаңа қазақпыз. Біз бір ұжым, бір керемет команда. Біз осы бағдарламада тек қана қазақ тілі емес, біз достықты үйренеміз.

Бұл жоба – нағыз шоу! Әзіл, ойын, тапсырмалар мен импровизация арқылы көрермен де, қатысушы да қазақ тілін үйренеді. Мақсат тек жаңа сөздерді ғана жаттату емес, тіпті қазақ мәдениетімен де таныстыру.

Бағдарлама жүргізушісі ретінде әзілкеш, шоумен Нұрдәулет Шертім таңдалған. Сондай-ақ, әр шығарылым сайын жұлдыз қонақтар келіп, қатысушыларға қазақша үйренуге көмектеседі.

Қабдол Тілеков, әзілкеш:

Ешқандай ұялмау керек. Бастысы өзіңнің тіліңде жақсы сөйлей білсең, ешқандай жаманы жоқ. Өзге тілдің бәрін біл! Бірақ, бүкіл тілді біліп жүрген жақсы.

Үлкен істі өздеріне мақсат тұтқан жандар ақырын басып, анық келеді десек асылық болмас. Ал қазақ тілін үйренгісі келетіндер, қызықты шоу көріп, көңіл көтереміз деушілер НТК арнасында «Жаңа казахи» ойын-сауық бағдарламасын жіберіп алмаңыздар!

Таня Турлай, «Жаңа казахи» телешоуының қатысушысы:

Қазақша сөйлеңдер, қазақша сөйлейікші! Достарым, қымбаттыларым, қазақша сөйлейікші!

Көріңіздер, күліңіздер. Бізбен бірге жаңа сөздерді үйреніңіздер!