Мөлдір Нұрғалиқызы, тілші:
– Ол қазақ музыкасына жаңашылдық әкелген жан! Тіпті адай күйіне сөз жазып, ерекше туынды ұсынды! Дәстүр мен заманауи әуенді шебер үйлестіре білген Ароның соло кешіндеміз!
Шығармашылықтың 5 жылдық қорытындысы! Жанды дауыстағы акустикалық кеш! Сахнада Арман Сейітжаппар! Қате естімедіңіз. Заманауи Шәмші концерттің бірінші бөлімінде өз альтер эгосын таныстырып, жарына арналған лирикалық әндерді орындады.
ARO, музыкант:
– 5 жылдық қорытынды кеш, құтты болсын. Әсеріңізбен бөлісіңізші?
– Ой рақмет, қорытынды дегенде, қорытынды ма екен? Әйтеуір кеш беріп жатырмыз. Адамдардың көңілінен шықты. Өзім рахаттанып қалдым. Эгом тойып қалды десең.
– Аrо шабытты қайдан алады?
– Аrо шабытты өзінің отбасынан алады. Және де көрген білгенінен, айналадан тоқығанынан алады.
Жаңа толқынның лебімен ән жазса да, түп тамырын дәстүрлі әуеннен бастайтын Аrо 2 бөлімді де қазақтың халық әнінен бастады. Сөз арасында өмірден озған өнер иелері Батырхан Шүкенов пен Darkhan Juzz-ді де еске алып, оларға құрмет көрсетті.
Бұл кеште Аро еркін көсілді. Шынайы тыңдарманның ықыласына бөленген музыкант, әзілдеп те, би билеп те үлгерді. Акустикалық концертке Қызылорда, Түркістан, тіпті шекара асып келген көрермен де болды.
Бағдат Әлімханқызы, жанкүйер:
– Мен Ароның концертіне тіпті Мәскеуден келдім деп айта аламын. Бірден билет сатып алдым. Аrоның даусы өте ерекше. Оның стилін бірден тануға болады. Өзінің даусын өте тамаша басқара алатын әнші. Өте керемет. Маған қатты ұнайды.
Туындылары трендке айналып кете беретін Аро шағын кеңістікте өнер көрсетіп үйреніп қалған. Ал музыканттың қолдаушылары оны тек үлкен ареналарда көруді армандайды.
Aлмаз Мержақыпов, блогер:
– Ең талантты, әртістердің бірі. 60-50 мыңдық концерттерде болған кезде стадиондарда мен елестетеін 4-5 әртіс болатын. Осылар осындай концерт берсе екен дейтін.
– Жалпы осы концерт табыс үшін бе? Әлде шығармашылық қандай да бір шыңдау ма?
ARO, музыкант:
– Әрине, табыс болмаған жерде шығармашылық қайдан болсын? Әрине, табыс үшін де, шығармашылық үшін де. Барлығы біреуінде ғой.
Әзірге табысымды реттеп алайын дейді музыкант. Сұраныс болса, әлемдік аренаға шығуы да әбден мүмкін. Осы тұста Арманның хит жазу формуласын сұрап көрдік. Бар құпия мынада екен.
ARO, музыкант:
– Қалай айтсам болады екен? Былай жазам, осылай жазсаңдар идеальный ән жазудың осындай формуласы бар деп айта алмаймын. Жәй қолымнан келгенше барлығын жасап жатырмын.
– Аrоның феномені?
– Білмеймін, таптауырынсыз ән айтатынында шығар бәлкім. Ешқандай шектеу жоқ шығар.
Ешқандай шекараға бағынбайтын Ароның бұл кеші өте жоғары деңгейде өтті десек артық болмас. Оған көрерменнің мына сөзі дәлел.
Асхат Ниязов, журналист:
– Маған концерт қатты ұнады! Қараңдаршы, қалай терлеп кеттім. Мына жерде енді... бір сиқыр болды ғой. Аrо деген қандай адам өзі?! Аспаннан түскен бе? Менде сөз жоқ енді!