«Алло» фильмінің саундтрегі музыкант Раймға тиесілі ме?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Назар аудар» ұжымы шығармашылық жолын Жайдарманнан бастап, кейін чемпион атанып, театр ашты. Жігіттер бұнымен тоқтаған жоқ. 2023 жылы тұңғыш толықметрін ұсынды! Ал күні кеше киногерлердің үшінші картинасының премьерасы өтті!

Ақболат Өтебай, актер:

Уайым билейді бойыңды. Фильм біткеннен кейін халық шапалақ ұрып, тоқтамай жатқаны. Біз сөйлеп жатқанда да тоқтамай қошемет білдіруі кәдімгідей біздің көңілімізді босатты.

 

«Алло» фильмінде өз өміріне көңілі толмай жүрген Сабыр есімді жігіттің оқиғасы баяндалады. Ол кенеттен ескі телефон тауып алып, 20 жыл бұрынғы өзіне қоңырау шалуға мүмкіндік алады. 40-ты алқымдаған азамат өткен қателіктерін түзеймін деп, болашағана үлкен қауіп төндіреді.

 

Фильмнің бас кейіпкерлерін сомдау Ғазиз Ерболат пен Ақболат Өтебайға бұйырған. Оларға бұл лента үшін біраз трансфомациядан да өтуге тура келген-ді:

Ғазиз Ерболат, актер:

20 күнде 8 кг арықтадым. 2004 жылға бару үшін. Сосын 2012 жыл қырмаған сақалымды осы 2025 те қырдық.

Ақболат Өтебай, актер:

Маған да 8 келіге арықтасын деп тапсырма берді режиссер. Содан мен кәдімгі актерлар мен спортшыларды түсініп кеттім. Не деген қиын салмақ қуу деген.

 

Айта кетейік, «Алло» фильмі Ғазиз Ерболат үшін алғашқы драма. Актер рөлін жақсы ойнай алмай қалудан қорқып, тіпті сары уайымға да салынған көрінеді. Әзілкеш аталмыш кино үшін кәсіби актерлерден сабақ алып, біліктілігін арттырған.

Ғазиз Ерболат, актер:

Қинады ғой мені. 1 емес 2 кейіпте ойнадым ғой. Сосын өмірімде бірінші рет драмада бой көрсетуім, жылатты ғой олар мені.

Ал Ғазиздің кейіпкері Сабырдың жары рөлінде блогер Сабиркин. Бұған дейін бірнеше толықметрде көзге түскен тандемді «Алло» фильмі де керек еткен болып шықты.

Sabirkin, блогер, актриса:

Енді көп уақыт жұмсалды бұл фильмге, көп энергия жұмсалды. Бірақ өте көп бақыт сыйлаған фильм болды негізі.

 

Толықметрде қолданылған саундтректердің барлығы танымал музыкант Раймға тиесілі. Көп толықметрге туындысын бере бермейтін ол, бұл жолы «Назар аудар» жігіттеріне жомарттық танытқан. Оған себеп:

Ақболат Өтебай, актер:

Жерлеспіз. Мен Раймға осы орайда алғыс айтқым келеді. Бізден ешқандай ақша алған жоқ. «Менің альбомымда не бар, бәрі сіздердікі!» -, деген басында

 

Картинаның басты месседжі – өткенге өкінбеу, қазіргі өміріңе шүкіршілік ете білу. Десе де, кімнің де болсын өткен шақтағы қателіктерін түзеткісі келетіні анық...

Басты кейіпкерге туған мүмкіндік сізге де туса сіз кімге хабарласар едіңіз? Және не айтар едіңіз?

Әбілмансұр Серіков, актер:

Мен мына киноны көріп, ешкімге хабарласпаймын деп шештім. Осы күнгі таңдауыма, осы күндегі өміріме тағдырыма шүкір деймін.

Ғаділбек Жанай, әнші:

Мен бірінші ата-анама хабарласып, қатты жақсы көретінімді айтушы едім. Одан кейін ертерек үйленуші едім.

Серік Ибрагимов, әнші, кинопродюсер:

Өзіме қоңырау шалатын сияқтымын. Жалпы тәуекелге бар. Қорықпа! Мүмкін мен сол баяғы 20 жыл бұрынғы жасайтын нәрселерімді істейтін болсам бұл кезде бұдан да бір басқаша жетістікке жетер ме едім...

 

Түсірілімі 22 күнге созылған фильмді таспалауға 130 миллионнан астам қаражат жұмсалған екен.