Былтыр таспаланып, биыл 20-қарашада көрерменге жол тартқан «№37» толықметрі үлкен резонанс тудырды! Көрермен фильмді түсінбегенін әлеуметтік желіде жарыса жазып, көкейіндегі сұраққа жауап таппаққа ұмтылды. Ал жоба авторлары бұл жағдайға бей жай қарай алмады. Олар «Open house» жасап, картинаның режиссері мен актерлері халықпен ашық тілдесті.
Жандос Айбасов, режиссер:
– Әр киноның өзінің көрермені болады. Мүмкін бұл киноға біздің халықтың көбісі дайын емес болған шығар. Бұған сәл уақыт керек. Шыдам керек және фильмді көру үшін басынан аяғына дейін әр детальға мән беру керек.
«№37» жобасы Шам театрының тырнақалды туындысы. 2022 жылы режиссер Фархад Молдағали әзірбайжан драматургтің «Астара бағы» шығармасының желісінде спектакль қойған еді. Кейін Жандос Айбасов қойылымның экранизациясын жасады. Айта кетейік, бұл идеяның авторы театрдың негізін қалаушылардың бірі Асан Мажит.
– Сіз ойлағаннан да сәтті шықты ма бұл жоба? Қалай ойлайсыз?
Асан Мажит, актер:
– Процесс жақсы болды. Бірақ іште дегенмен бір күмән болды. Халық қабылдай алады ма, жоқ па деген сияқты. Бірақ, ол уайымның бәрі сол 2 сағаттық нұсқасын көргеннен кейін сейілді.
Зарина Кармен, актриса:
– Жұмыс барысында 2 сағат 15 минуттық нұсқасын көргенбіз. Бұл толық версиясы. Енді өзіңіз білесіз ғой, қазір халықтың 1 жарым сағат әрең отырады. Сондықтан кинотеатрдың да өзінің жаңағыдай сұранысы бар.
Иә, өкіншке қарай шығармашылық ұжым фильмнің 45 минутын қысқартуға мәжбүр болған. Айта кетейік, толықметр бұдан да ұзақ түсірілуі әбден мүмкін еді. Алайда...
– Кішкентай Расулмен де қоштасыпты иә? Сол жайлы айтып кетіңізші?
Еркебұлан Дайыров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Негізі ол жерде екеуінің арасында үлкен сахна болған. Екеуі сөйлесуі керек еді. Сонымен бізде уақыт та қысылып бара жатты және локацияны өткізу керек болды.
Десе де бұл түзетулер фильмнің сапалы шығуына еш кедергісін келтірмеген. «Керісінше, картинаның әр сәтінде көрерменнің ой толғауына жетелейтін диалогтар мен сахналар сәтті жинақталған» дейді киногерлер.
Жандос Айбасов, режиссер:
– Бір детальдарды айта кетсем, ол жарылыстан кейін Балқаштан ұшып бара жатқан бір кадрлар бар. Ол Расулдың рухы ұшып келе жатқан.
– Фильмдегі ең ерекше есіңізде қалған реплика?
Еркебұлан Дайыров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– «Бірін бірі естімейтін бұл отбасынан мен сізден ғана кешірім сұрағым келеді» осы сөйлем.
Асан Мажит, актер:
– Мен сені жақсы көрем, жақсы көріп тұрып жек көрем.
– Маған қатты жаныма тиетіні «Мен ше?» деген. «Мама, мен ше?»
«№37» фильмінің басты месседжі – барыңды бағала! Сюжет бойынша, 15 жыл бұрын метродағы жарылыста қаза тапты делінген Расул үйіне оралады. Бірақ, бір өлімнен аман қалған бас кейіпкердің кенеттен пайда болуы көптің көңіліне күдік ұялатады. Ал бұл кеште көрермен санадағы сан түрлі сұрағына жауап алды.
Жандос Айбасов, режиссер:
– Киноны түсірген кезде әр көрермен просмотрдан кейін өзінің жақын адамдарына барсыншы, хабарлассыншы, сөйлессінші деген бір мақсат қойған болатынмын.
Драма жанрындағы «№37» толықметрін тамашалауға әлі де кеш емес! Кинотеатрға барып, сіз де өз бағаңызды беріңіз!