«Ne Prosto Orchestra!» ТМД-ға танымал ұжым қазақ киносының алтын қорын жандандырды.

Сообщить о проблеме с эфиром

ТМД елдеріне танымал «Ne Prosto Orchestra» симфониялық-оркестрі «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа» және «Қыз Жібек» сияқты жауһар туындылардың саундтректерін жаңа форматта орындады. Шығармашылық ұжымның айтуынша, әлемдік шығармаларды пысықтауға әдетте 1-2 ай уақыт кетеді екен. Ал бұл жобаға бақандай алты жыл дайындалған.

Мадияр Тойболды, «Ne Prosto Orchestra» жобасының көркемдік жетекшісі, дирижер:

Өкінішке қарай, осы ұлы кинолардың ноталары, партитуралары ешқандай жерде сақталмаған. Сондықтан біз бұларды ойнамас бұрын, көптеген былай айтқанда ғылыми жұмыс жасағандай болдық. Бәрін қайтадан іздеп, жаңадан жазып көптеген айлар осыған кетті.

 

Театр мен оркестрді үндестіру ұтымды шешімдерінің бірі болғаны сөзсіз. Себебі, қазір жастардың көбісі Қазақфильмнің алтын қорындағы туындыларын біле бермейді. Шығармашылық топтың бұл әдісі жас буынға классикалық туындыларымен танысуға мүмкіндік береді.

Мадияр Тойболды, «Ne Prosto Orchestra» жобасының көркемдік жетекшісі, дирижер:

Осы жолы біз тек қана бұл кинолар көбінесе қазіргі өкінішке қарай жастар көрмеген ғой. Сондықтан да осыны сахнаға тек ескі лентаны көрсетпей сахнада сценкалар қойып театралдық түрде көрсетпекші болдық. Сол үшін біз Астанадан Еслям Нұртазин деген Астана мюзиклдің режисссерін шақырып осы кешке қойлымы қойғыздық

Еслям Нұртазин, режиссер:

Жауһарларымызды қысқарту ол өте қиын. Бірақ, біздің жұмысымыз сондай, әлі де пысықтайтын жерлеріміз бар әрине.

 

Кештің шымылдығы Шәкен Аймановтың монологымен ашылды. Ал актер Саят Мақұлбеков «Қыз-Жігіт» кинокартинасындағы Аңғарбай рөлін сомдау үшін арнайы Астанадан ат терлетіп келген екен.

Саят Мақұлбеков, актер:

Ең қызық болған жағдай, біз үшін бұрын қанша концерттерде жүрсек те, бұндай оқиғалар сирек, тіпті болмайтын деп айтсақ та болады. Сол үшін ғой қобалжу әлі бойымда тұр.

 

«Қыз Жібек» картинасының әуені естілген бойда, экраннан Жібек пен Төлегенді көрі бір төбе, бірақ тау тұлғалы Асанәлі Әшімовті сағынған көрермен еріксіз көзіне жас алды. Ал маэстро Мадияр Тойболдының «Аққу» күйін орындауы, залдағы тыңдарманды терең эмоцияға бөлеп, кештің әсерін одан сайын арттырды.

Мақсат Рахмет, актер:

Мен ерекше әсерде отырдым. Шіркін, кезіндегі киноларға музыкалар қалай жазылған. Біздің жалпы қазақ киносының тарихын қалыптастырушыларға, драматургтарға, Нұрғиса атамыз сияқты композиторларға қазақ киносының негізін қалаған үлкен құрмет көосетілген кеш болды деп есептеймін.

Ерболат Тоғызақов, актер:

Мен сіздерге шындықты айтып берейін. Өте ризамын мынандай керемет дайындыққа. Анау кәдімгідей киноны көріп демалдым, өте ризамын шындықты айтамын деп.

 

Көркемдік жетекшінің айтуынша, отандық фильмдердің музыкасын толықтыру жұмысы жалғасын табады. Алда көпшілікке – «Көшпенділер» фильміндегі шығармалардан концерт ұсынылмақ!