«Форбс» тізіміне енген бизнесмендердің табысқа жету жолы қандай?

Сообщить о проблеме с эфиром
Жаныңды жадыратар ләззат сыйлап, одан қалды қалтаңды қампайтатын жұмыс бар ма? «Іздеген мұратқа жетеді», - дейді бизнесмендер! «Форбс» тізіміне енген Ержан Рашев, Қайрат Құдайбергенов пен Бейбіт Әлібековтердің табысқа жету жолы қандай? Мәслихат депутатының немересі болғанымен, Қайрат Құдайбергенов бала жастан қауын-қарбыз сатып, жүк тасып, көлік жуып, тіпті, қой бағып жүріп жетілгенді. Ойыншықтарды көтерме бағада алып, бірнеше есе қымбатқа сатқан кезімде бизнеске бейімделдім, - дейді. Ауыр жұмыс қажытып жіберсе де, қаршадай бала кітапты оқып тауыспайынша, ұйықыға кетпейтін болған. Қайрат Құдайбергенов, бизнесмен: – Қорықпау керек. Алға тарту керек. Тек сол кезде үлгілі бизнесмендер қатарына тұра аласың. Біздің жастарға үлгі жетіспейді. Өзіне-өзі қожайын болу үшін, жаңа қадамдар бастап жатыр. Осындай тренд ең жақсы. Ержан Рашевқа да, бизнестің биігіне жетуге білімі жәрдемдескен. Әуелі Норвегиялық мектепте, одан соң АҚШ колледжінде экономикаға машықтанған. Ержан Рашев, бизнесмен, блогер: – Елде бизнес бастауға құлықты жанның мүмкіндігі көп. Себебі, әлі қамтылып үлгермеген салалар жетерлік. Өзіңіз қабілетті істің бәрін тізімдеп, арасынан қажетті деген бес тармақты бөліп алу керек. Бизнесті өзіңіз қызығушылық танытқан істен бастаған дұрыс. Джулиана Карузо! Білімінен бөлек, Ержанды қанаттандыратын осы Италиялық ару! Жұбайына деген шексіз құрметін, асқан сүйіспеншілігін бизнесмен әр блогында жазуды әдетке айналдырған. Ержан Рашев, бизнесмен, блогер: – Әйел – шабыттандырады дер едім. Әдетте, бақуаттылар есеппен үйленеді дейді. Бірақ, мұндай жәйттардың соңы жақсы аяқталғанын көрген емеспін. Жүректі тыңдаңыз! Табысты ерге жар боламын десе, сылқымдар кейде батылырақ болуы тиіс! Екі перзенттің әкесі, ұйыған отбасының отағасы Әлішер Елікбаевтың түйгені осы. Әлішер Елікбаев, PR-маман, бизнесмен: – Өзі мені тауып алды, өзі менімен танысты. Өзі бәрін жасады. Мадина белсенділік танытпаса, әлі жалғыз жүруші едім. Ал біздің қалталылар «қазақ байыса қатын аладының» керінен неге аса алмайды? Қайрат Құдайбергенов, бизнесмен: – Әрбір адам өзіне-өзі қожайын. Тоқал болғысы келсе, қыздар енді өздері біледі. Өз әйеліңе деген құрметті көрсетіп, өз әйеліңді сүйсең нұр-үстіне нұр болады. Әлішер Елікбаев, PR-маман, бизнесмен: – Әйелдің құқығын шектейтін болғандықтан, тоқал ұғымының енуіне қарсымын. Әр салада бизнесін өрге дөңгелеткен бұл серілерді, еліне пайдалы болу миссиясы ортақтастырады. Олар осы жолда әрекет етеді.