«Алашұлы» құрамының өзгеруіне не себеп?

Сообщить о проблеме с эфиром
«Алашұлы» үштігінде өзгеріс орын алды. Патриоттық әндерімен танылған жігіттердің арасынан ала мысық өтті ме, әйтеуір, топ жаңа құраммен жасақталыпты. Бүгін БАҚ өкілдерінің басын қосқан трио, Ұшқынның экс-әнші атанғанын ресми түрде хабарлады. Иә, бүгіннен бастап Ұшқын Жамалбекті «Алашұлы» тобының құрамынан көре алмайсыз. Әнші жігіттің бес жылдық келісім шарты аяқталып, топтан кететінін де алдын-ала ескерткен көрінеді. Трионың продюсері болса, Ұшқынның мұндай шешіміне бастапқыда аң-таң болғанын айтады. Назгүл Қарабалина, «Алашұлы» тобының продюсері: - Кім-кім, мен Ұшқын мұндай шешім қабылдайды деп ойлаған жоқпын. Себебі Ұшқын музыкант қой, композитор... Көбіне әндерді бірге талқылайбыз. Мен үшін әрине бұл тосын жайт болды. Бірақ, енді өмір ғой, әр түрлі жағдайлар болады, көнесің... Бірақ, топ жұмысы тоқтап қалмақ емес. Алашұлы арнайы кастинг жариялап, 21 жастағы Ерзат Рамазанов есімді жігітті таңдаған. Әзімбек Байлин, «Алашұлы» тобының әншісі: - Биге икемі өте жақсы, харизмасы, түрі де жас. Өзіміздің өнер академиясында оқиды. Өзімнің шәкіртім. Қазір 4-ші курста оқып жатыр. Міне, бітіруге сәл қалды... Ал, топтың жаңа әншісі «Алашұлы» ұжымына қабылданғанын ұстазынан естігенімен, бастапқыда сене қоймаған. Ерзат Рамазанов, «Алашұлы» тобының әншісі: - Ұстазым болғаннан кейін, арамызда қалжың болады. Ойладым қалжыңдап жатыр екен деп. Қатты армандадым шыны керек. Өзімнің ағаларыма да айттым. Өзім армандайтынмын дедім... Жігіттер - бұл «Алашұлы» бұрынғыдан өзгерек болады, - деп отыр. Жаңа құрам, жаңа леп және өзгеше бағытта сахнаға шықпақ. Мақсат Рахмет, «Алашұлы» тобының әншісі: - Өзгеріс мынадай, мысалға үстімізде заманауи киім, бірақ оюлары бар, өрнектері бар. Неге осылай киінбеске...Киіміміз сияқты, әндеріміздің де бағыты солай болады. Кішкене биге ыңғайлы, жастарға ыңғайлы. Ал, Ұшқын жеке әншілікке бет бұрып, музыкалық продюсер ретінде жобаларының жұмысын жандандырмақ ниетте. Ал, өзінің орынын басар жас әншіні топпен бірге таңдағанын айтады... Ұшқын Жамалбек, «Алашұлы» тобының экс-әншісі: - Осы жігітті талдадық, көрдік. Дауысы, қимылы, сахнада өз-өзін ұстауы деген сияқты. Актер бауырымыз біз сияқты мамандықты бітірген. Сондықтан, осы жігітке тоқталдық, осы жігітті алдық. Ал, жаңа құраммен жасақталған «Алашұлы» осы жылдың күзінде, қос астанамызда шоу-концертін өзкізуді жоспарлап отыр. Серікқазы Аязбаев, Ерлан Абдуалиев.