Жаздың үш айы. Биыл еліміздің оқушылары демалысын қалай өткізбек?

Сообщить о проблеме с эфиром

Көптен күткен жаз маусымы да келіп жетті. Енді, оқудан қолы босаған бүлдіршіндер арқаларын кеңге салып, әбден демалар. Ауыл баласы - қалаға, қала баласы - ауылға ағылса, ал кейбірі демалыс лагерьлеріне барады. Биыл балалардың жазғы демалысын қалай ұйымдастырған абзал? Бұл жайында тілшіміз анықтап көрді.

Соңғы сабақ бітті, емтихандар тапсырылды, мектеп есігі енді қыркүйек айында ғана айқара ашылмақ. Кезекті демалысқа шыққан оқушылардың ойдағыдай бой сергітіп, жаңа күш-қуатпен оралуы енді ата-ананың ғана емес, биліктің де назарында. Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі: - Балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру жауапты іс. Бұл жылы оқушылардың 97 пайызы әртүрлі клуб, үйірмелерге қатысып, лагерьлерге баратын болады. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін республикада 14 мыңға жуық денсаулық лагерi мен алаңдары жұмыс iстейдi. Денсаулық легерлеріне емхана арқылы жолдама ала аласыз. Сондай-ақ, арнайы қосымша сабақпен шұғылданудың әртүрлi жолдары қарастырылған. Мәселен, 600-ден астам олимпиялық мектеп, 2 мың тiлдiк мектеп, 10 мың шығармашылық орталық, 14 мың спорттық-туристiк бағыттағы ұйым тегін түрде қызмет етеді. Фариза Интиятова, оқушы: - Біздің мектепте тегін лагерь бар. Және де ол жерде қызықты ойындар мен ағылшынша үйретеді. Ол жер өте қызықты. Осы жылы мен баратын шығармын. Тегін түрінен бөлек, әрбір ата-ана өз қалауы және қалтасына байланысты, балаларын ақылы лагерьге де жібере алады. Оның бағасы ұсынып отырған қызметіне, орналасқан жеріне байланысты. Орташа құны күніне 5000-7000 теңгені құраса, ең қымбаты 15000-20000 теңге аралығында. Анель Алиасқар, журналист: - Қазір мына кішкентайым бар, сол себептен биыл ешкім лагерьге бармайды. Менің көмекшілерім, менің нянькаларым, негізі бұлар лагерьге барады, биыл енді үйде отырамыз бәріміз бірге. Бірақ, құдай қаласа, бәріміз бірге теңізге шығатын ойымыз бар. Сондай-ақ, қалтасы көтеретін ата-аналар арасында балаларының уақыты зая өткенін қаламай, жаз айларына шет елге, тіл курстарына оқуға жіберетіндер де баршылық. Мысалы, әнші Мақпал Жүнісова солардың қатарында. Жаз айларында баласының қайда, қанша қаражат жұмсап демалары тек ата-анасының құзырындағы іс. Ең бастысы, бүлдіршіндердің өз уақытын жақсы өткізіп, мектепке жаңа күш, жақсы-көңіл күйімен оралуында.