Димаш Құдайберген бүгінде сөзсіз, жұлдыз! Әншінің бағын жаққан байқау болды десек артық айтпаспын. Негізінде, халқаралық конкурстарға бақ сынап, үздік атанған отандастарымыз жетерлік. Бірақ олар қазір қайда жүр? Өнер иелерінің музыкалық сайыстан кейін өмірі қаншалықты өзгерді?
Димаш Құдайбергеннің әлемге танылуына дәл осы «The World's Best» музыкалық жобасы септігін тигізген еді. Алғашында Қытай халқын таңдай қақтырған өнерпаз бүгінде Ресейде де сұраныстағы әншілер қатарында.
АҚШ-та өткен «The World's Best» шоуы Данелия Төлешованың да бағын жақты. Еске салсақ, жас әнші 2017 жылы украиналық «Голос Дети» байқауында жеңіске жетіп, ТМД елдеріне танылған еді. Төлешова тіпті ән додадан кейін түрлі фильмдерге шақырту алып, актриса атанған-ды. Бүгінде Данелия басқа да конкурстарда сайысқа түсуге әзір.
Данелия Төлешова, әнші:
- Шынымды айтсам, әзірге білмейміз. Өмірді алдын-ала болжау мүмкін емес. Алайда, түрлі шоулар шақырту жіберсе, бас тартпаймыз.
Былтыр «Голос дети» байқауында Ержан Максимнің топ жарғаны есімізде. Бас жүлдеге лайық деп танылған балақай, дәл осы жобадан кейін көпшіліктің сүйіспешілігіне бөленген-ді. «Junior Eurovision»-нің күміс жүлдегері шығармашылығын туған жері Орал қаласында шыңдап жатыр.
Күні кеше Индира Еділбаева мен Ерлан Байбазаров ТМД елдеріне кеңінен таралған «Голос» жобасының суперфиналына сүрінбей жеткен еді. Отандастарымыз жеңіске жетпесе де, танылып үлгерген жайы бар.
Ерлан Байбазаров, музыкант:
- Менің шығармашылығым, үйдемін әндер шығарып жатырмын. Енді бұйырса болашақта, сіздердің көңілдеріңізден шығады деген үміттемін.
Индира Еділбаева, әнші:
- Мақсаттар енді көп, шетелде танымал болу және де өз өнерімді көрсетіп. Ол енді басқа елдің адамдары.Менің өнерімді сыйлап жатыр. Мен үшін ол үлкен мәртебе.
Қазақ елінің атын шығарған отандастырымыз арасында Әмре мен Адам
«Славян базарында» бірінші орынды иеленсе, Диная 2015 жылы «Новая волна» байқауында көптің назарына ілінген болатын. Бүгінде бұл өнерпаздар да өз тыңдарманын тауып, жанкүйерлері үшін аянбай еңбек етіп жүр.