Отандық шоу-бизнес өкілдері арасында Тикток платформасында да өз аудиториясын жинап үлгергендер жетерлік. Мәселен, Алтынай Жолдыбаеваның аталмыш желіде 90 мыңға жуық оқырманы бар. Әрдайым ерек биімен көптің көңілін көтеріп жүрген бикеш әпкесі Кәмшаттың да тиктокқа қосылуына себепкер болды.
Динара Сәтжан да жанына ет жақындарын жинап, видео түсіргенді жақсы көреді. Қашан да трендтен түспеуге тырысатын тележүргізуші бірде құрбыларымен билесе, енді кейде құдашаларымен бірлесе ерек контент ұсынады. Тіпті кей видеолардан Сәтжанға сұқбат беруге келген спикерлерді де байқауға болады. Әзірге оның парақшасына тек 3000-нан аса қолданушы тіркелген.
Say Mo да тикток жұлдызы! 230 мыңнан астам фолловері бар бикеш, бұл желіні әуелде өзінің тректерін таныту үшін пайдаланып келген еді. Сылқымның әндеріне челлендж жасағандар да көптеп табылды. Алайда желінің қызығына кірген Мөлдір, бүгінде өзге де қызықты видеолар таспалап жүр.
Салтанат Бақаева да әріптестерінен қалыспақ емес! Оның тикток парақшасына 112 мыңнан астам адам тіркелген. Үш баланың анасы бұл желіде нағыз актриса ретінде танытып, өзін түрлі образдарда байқауда. Тіпті, кей роликтерде Салтанаттың жары да төбе көрсетеді.