Фархат Абдраимовты жақындары ақтық сапарға шығарып салды!

Сообщить о проблеме с эфиром

21 мамыр күні, Грузия елінде түсірілімде жүрген жерінен, әйгілі актер – Фархат Абдраимовтың демі үзілді. Дәрігерлер қойған ресми диагноз – кең көлемді жүрек талмасы. 55 жастағы өнер иесі төбе көрсеткен соңғы туынды «Больше чем любовь» деп аталады.

«Ол үнемі көңілді жүретін. Тіпті 15 жыл достығымызда, бір де бір рет ауырдым дегенін естімедім», - деген Абдраимовтың жақын досы Рашид Рахметов Фархатты тек жақсы жағынан есіне алды. Тіпті Рашид, актермен осыдан 10 күн бұрын хабарласып, сөйлескенде де сырқаты жайлы ешқандай әңгіме болмапты.

Рашид Рахметов, Фархат Абдраимовтың досы:

– Көңілді, әрқашанда позитивті болатын. Анекдоттар айтып. Ешқашан көңіл күйі төмен болмайтын. Сондай кісі болатын өзі ағамыз. Енді Фархат ағамыз Қазақстанда ғана әйгілі емес, ТМД елдерінің бәріне әйгілі актер ғой. Ресейде де, Грузияда да барлық жақта жақсы біледі. «Грузияға барып келдік. Кино түсіріп жатырмыз. Мен сонда актермін. Вахтанг Кикабидзе ойнайды» деп айтқан тұғын.

Абдраимовпен талай жобада, қоян-қолтық қызмет қылған – Кентал, ағасы жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Екеуі 2018 жылы «Ең сұлу» картинасының түсірілім алаңында танысқан. Содан бастап арадағы қатынас үлкен достыққа, бауырлыққа ұласыпты. «Нағыз актерлерше алаңда көз жұмды. Жұмысына адал адам болатын», - дейді әнші.

Кентал, әнші:

– Өкінішке орай, кім дядя Фара дейді, кім жәй ғана Фара дейді өмірден өтті. Дарынды, талантты актерлардың бірі. Мен өзім бала кезімнен көп кино көргенмін, дядя Фара ойнаған киноларды. Дядя Фарамен бірге кино ойнап, көп уақыт бірге жүрдік. Көп әңгімелестік. Ол негізі менде бір қиыншылықтар болған кезде, мені қолдап жіберген тұғын. Звондап, жағдайымды біліп.

«Адамға жанашыр, көмектескісі келіп тұратын», - деп Фархат жайлы естелігін бастаған Дильназ Ахмадиева, сұқбат басында сәл кідіріп, көзіне жас алып қалды. «Жүрген жерін жандандырып, айналасына шуақ шашып жүретін жан еді. Көп анекдот білетін және бір айтқанын екінші қайталамайтын», -дейді Дильназ.

Дильназ Ахмедиева, әнші:

– Фархатпен ұзақ жылдардан бері таныспын. Бір қасиеті, ол адамдардың аттарын ұмытып қала беретін. Бірақ мені топтың арасынан, бірден танитын. Естіген кезде есеңгіреп қалдым. Жақын адамдарыңның ажалы, адамды сындырып тастайды екен.

Фархат Абдраимовты 23 мамыр күні Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінен, ақтық сапарға шығарып салды. Өнер иесімен қоштасуға келгендердің қарасында шек болмады. Актер 27 жылын киноға арнаған. Оның ішінде: "Фара", "Ақсуат", "Застава", "Ирония любви", "Сказ о розовом зайце" сынды танымал туындыларда төбе көрсетті. Бас-аяғы, өнер иесі 20-ға тарта толықметрде басты рөлді сомдаған.