«101» тобының жаңалықтары қандай?

Сообщить о проблеме с эфиром

Талай жыл сахнада жүрген «101» тобына деген тыңдарманның сұранысы күннен-күнге артпаса, азаймақ емес. Оған бойзбендтің концертіне жиналған көрермен саны дәлел. Залды лық толтырған ұжым ән кешінде су жаңа тректерінің тұсауын кесті.

Ербол Жайлауов, «101» тобының мүшесі:

- Жаңа 5 ән шықты. Жігіттермен бірнеше демо нұсқаларды дайындап қойдық. Оның барлығы алдағы уақытта жарыққа шығатын болды. Тыңдарман көңілінен шыққан бір әнге бейнебаян түсірсек деп жоспарлап отырмыз.

Еске салсақ, бұл «101»-ліктердің жаңа құраммен екінші рет концерт беруі. Таяуда ғана ұжым топқа жаңа солист алған еді. Бірнеше жыл трио болып өнер көрсеткен бойзбенд, қыркүйек айынан бастап «Кука бой» лақап атымен танымал музыкант Руслан Купобаевты қатарға қосқан.

Руслан Купобаев, «101» тобының мүшесі:

– «101» тобында болғаныма бақыттымын. Себебі әрбір музыкант бұл топта өнер көрсетуді қалар еді деп ойлаймын. Ұжымға келмес бұрын біраз дайындықтан өттім. Мен үшін маңызды кастинг деп айтар едім.

Сондай-ақ, «101» тобының мүшелері кезінде жеке шығармашылыққа да кіріскен еді. Ал бүгінде топ мүшелері өнерден бөлек түрлі салаға бет бұрған.

Ербол Жайлауов, «101» тобының мүшесі:

– «101» тобында әзірге Иван Бреусов ғана жеке әнші ретінде өнер көрсетеді. Бірақ ол жоба уақытша тоқтап тұр. Стас өзінің ресторан бизнесінде. Кука ән жазады. Мен музыкалық продюсермін.

Сондай-ақ, аты аңызға айналған ұжым алдағы уақытта ескі әндерін қайта орындап шықпақ. Бұл идея топқа жаңадан қосылған Русланға тиесілі. Еске салсақ, музыканттың өзі кавер айтып танылған еді.

Ербол Жайлауов, «101» тобының мүшесі:

– Кавер орындасаң әнге қайта дем бересің. Ол әртістің танымалдылығын емес, тректің таралауына көп пайдасы бар. Бізде ескі хиттерімізді қазіргі жастар танып білсе дейміз.