«Паралимпиадашы» толықметрі халық арасында бейресми «жыл фильмі» атағын алып үлгерді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Сымбат Сағындық, тілші:

- Біз бүгін «Паралимпиадашы» атты толықметрдің жабық көрсетілімдеміз. Лентаның сюжеттік желісі өмірден алынған екен. Ал қалғанын картина актерларының өздерінен сұрап білейік. Кеттік.

«Паралимпиадашы» картинасы Мақсат Қуанышбаев есімді спортшының өмірін баяндайды. Сочи олимпиадасына дайындалып жүрген шаңғышы, жол апатынан кейін аяғынан айырылады. Содан бар арманы көкке ұшады.

- Фильм желісі өмірден алынған дейді. Басты кейіпкерлермен өзіңіз жеке таныссыз ба?

Асқар Ілиясов, актер:

- Жоқ. Ең басты бізге шабыт берген кісі ол – Александр Колядин. Пхёнчхан деген қалада алтын жүлде алған. Бірақ мен ол кісімен таныс емеспін әлі.

Қанатынан қырқылса да, Мақсат арманынан бас тартпайды. Паралимпиадашыларды дайындайтын жаттықтырушыға тап болады. Спортқа қызығушылығы қайта оянады. Протез киіп паралимпиадаға дайындығын бастайды.

Сымбат Сағындық, тілші:

- Картина өміріңізді өзгертуге септігін тигізді ме?

Асқар Ілиясов, актер:

- Әрине. Мақсат Қуанышбаевтың оқиғасы, сюжеттің өзі қаншама қиыншылықтан өткен. Мен Мақсатпен бірге ол қиыншылықтардан өттім және ол маған әсер етті. Мені өзгертті.

Бұндай жанрдағы фильм Қазақстанда тұңғыш рет таспаланыпты. Картина режиссері Алдияр Байракимов: «Бұл аз ғана ақшаға таспаланған, эксперименттік жоба. Десе де мұнда юмор, экшн, махаббат бар. Қалалардағы жабық көрсетілімдерде жақсы пікірлер естіп жүрміз. Әр адам керегін табады деген сенімдемін», - дейді.

Алдияр Байракимов, режиссер:

- Бұл спорттық, мотивациялық фильм. Шынайы өмірден алынған. Жақында астанада картинаның жабық көрсетілімін өткіздік. Сонда лентаны арбада отыратын, 7 жасар бала көріпті. Кинодан кейін өз арбасын өзі айдауға құлшыныс тауыпты. Міне, біз үшін жетістік деген осы.

Басты рөлдердің бірін сомдайтын – Еркен Губашев болса, фильмнің түсірілімі психологиялық тұрғыда ауыр болғанын айтады. Тіпті жылап алған сәттері де болыпты.

Сымбат Сағындық, тілші:

- Аға бұл фильмде сіз кімді ойнайсыз?

Еркен Губашев, актер:

- Жаттықтырушымын. Қазақстан Паралимпиада құрамасының жаттықтырушысын ойнаймын. Балаларға туған әкелеріндеймін.

- Түсірілім кезінде қандай қиындықтар болды?

- Ауа райының қолайсыздығы кедергі болды. Себебі біз жартысын жылы Алматыда, жартысын қақаған аязы бар астанада түсірдік. Біресе тоңып, біресе ысып жүрдік.

Ал кино және театр актрисасы Карина Кудекованың бұл үлкен экрандарға шығатын алғашқы толықметрі. Карина лентада Мақсаттың сүйіктісін сомдайды. «Толқыныс пен қобалжу басым», - дейді өзі.

Сымбат Сағындық, тілші:

- Жалпы сені ел комедия арқылы таныды. Ал драмада ойнау қиын болған жоқ па?

Карина Кудекова, актриса:

- Керісінше маған драмада ойнаған оңайырақ. Себебі мен актрисалығымды Мұхтар Әуезов атындағы театрда шыңдағанмын. Сондықтан осы бағыт көбірек ұнайды. Қала берді, жақында мен түскен тағы бірнеше туынды жарыққа шығады. Онда комедия атымен жоқ.

- Асқармен бұрында да бірге ойнадыңдар. Үйренісіп кете алдыңдар ма?

- Асқармен «Смотреть без регистрации» ситкомына бірге түстік. Мықты партнер. Үйретері мол.

Сымбат Сағындық, тілші:

- Спортшының сындарлы тағдырын баяндайтын фильмнің, жабық көрсетілімінен шықтық. Көрермен өзіне керегін алады деп ойлаймыз! Ал «Паралимпиадашы» картинасы 21 сәуірден бастап үлкен экрандарда!