Байкеры фильмінің ұжымы да түсірілімді дәстүрлі шарадан бастады. Ендеше сүйінші, жақында киноиндустрия драмеди жанрындағы картинамен толықпақ.
Басты кейіпкер Олжас Әлжановтың еншісінде. Байкер рөліне таңдалған сері мотоциклді тізгіндеп үйрену үшін арнайы курсқа жазылған екен. Алайда әзірге нәтиже қуантарлық емес дейді.
Олжас Әлжанов, актер:
– Мотоциклді айдап үйрендім. Осы 6-7 сабағына барып үлгердім. Қазір де, ертең де барамын деген сияқты ғой. Өйткені ол механика да. Үлкен 400 кг салмағы бар. Сондықтан ондай жақтарынан арнайы дайындық жүрді. Салмақ жағынан жаттығулар болды.
Кастқа таңдалғандар қатарында Даниэль Джеймс те бар. Қара торы жігіт Снежок есімді ақкөңіл кейіпкерді сомдайды.
Даниэль Джеймс, актер:
– Иә, иә менің кеіпкерімнің аты - Снежок. Сол менің терімнің түсіне қарап сәйкес келеді иә. Ақшақарға ұқсаймын.
Фильмнің режиссері - Ален Алмас. Кинокомпанияның нақ осы маманды таңдауы бекер емес. Жол үстіндегі мотожарысты таспалау кез-келген киногердің қолынан келе бермейді. Сондықтан продюсерлер New York Film академиясында білім алған маманмен істесуге бекінген екен.
Алена Алмаз, режиссер:
– Экшн-сахналарды қою маған қиын емес. Мұны әріптестер жақсы біледі. Оның үстіне біз жіті дайындалдық. Локация таңдаудан бастап каскадерлерден бастап, қоюшы операторлармен иық тіресе жұмыс істедік. Сондықтан керемет микс болады.
Фильмнің желісі Балу есімді байкердің оқиғасын баяндайды. Өмірін мотоциклмен ғана байланыстырған сері кенеттен жауапкершілікпен бетпе-бет келеді. Жүктелген міндетті арқалаудан безінген тұста ол кішкентай кейіпкермен жолығады. Балдырған ересек адамның ой-өрісін, құндылықтары мен көзқарасын өзгерте ала ма?
Нұржан Еркінұлы, сценарий авторы:
– Алғашқы нұсқасы қалды. Бірақ продюсердің, режиссерлердің алып қосқандарын ескерсек 4-5-ші трафт қой деймін. екі айдай жаздық.
Фильм экшн сахналарға толы. Сондықтан ұжым қауіпті сахналарды таспалау үшін каскадерлердің көмегіне жүгінбек.
Даниэль Джеймс, актер:
– Иә, қарапайым сахналар, бірақ түсірілім кезінде баланс ұстау керек. Дегенмен, қорқыныш та бар, одан қалса камераға ойнау бар. Қасымда қымбат аппаратурасы болғасын, максималды тұрғыда ұқыпты жұмыс істеуге тырыстым.
Даниэль де, Олжас та уайымдарын жасырмады. Екеуі де жарақаттан аман болайық деп түйіндеді сөзін. Біз де тілекшіміз.