2025 жылы отандық киноиндустрия «Табиғи апат» тақырыбындағы жаңа туындымен толықты. Мемлекет қаржысына түсірілген фильм тек мазмұнымен ғана емес, кассалық табысымен де елдің назарын аударды. Тіпті, прокатта небәрі үш аптаның ішінде 1 миллиард теңге жинап, көш бастады. Осы жетістіктің нәтижесінде Жалын Тілеуберген миллиардер кинопродюсерлер қатарына қосылды.
Көрермен жалғасын көреміз деп үміттенген еді. Алайда, авторлар «Халықтың ұсынысын ескердік, бірақ нүктесін қойып, қазанның бетін жылы жаптық»,- дейді.
Жалын Тілеуберген, кинопродюсер:
– Біз негізі осы нәрсеге өте ойлану керек дүние. Өйткені, көрерменнен мынандай тақырыпта түсіруге болады ғой деген сияқты ұсыныстар келді. Сұраныстар болды.
Жоба жетекшілері мұнымен тоқтап қалмады. Ізін суытпай кезекті «Ғашықпын саған» мелодрамасын ұсынды, картина «қайтаданның» рекордтық көрсеткішін жаңартты.
Жалын Тілеуберген, кинопродюсер:
– Ғашықпын саған бойынша да солай болып жатыр. Бірақ, әр нәрсенің тәтті күйінде қалғаны жақсы деп ойлаймыз негізі. Басқа жанрлардан ізденіп жатырмыз қазір. Қазірше айта аламын жалғасы болмайды негізі.
Лентаның өзі ғана емес, саундтректері де танымал. Бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланған шығармашылық топ, толықметрді фестиваль форматына ұластырды. Кинотеатрды лық толтырып жүрген команда үшін, стадион жинау мүлдем қиынға соқпады. Бірақ, елдің ойы екіге бөлінді. «Бірі ақшаға құныққандар деп айыптаса, енді бірі сүйікті актерлерін қайта көруді қуаныш санады».
Сөз соңында сүйіншілетпекпіз! Үнемі ізденісте жүретін Жалын Тілеуберген, жақында тағы бір картина ұсынбаққа ниетті. Түсірілімнің қамына кірісіп, жұмыс процесін бастап та кеткен екен.
Жалын Тілеуберген, кинопродюсер:
– Қазір бір фильм түсірейін деп жатырмын. Былтырдан бері сцеанарий жазылған Сыбыс деген жоба.
Дайындап жатқан тосын сыйы туралы, түсірілім алаңына НТК арнасын арнайы шақырып, толықтай айтып беремін деп уәде берді. Бастап жатқан бастамаңыз жайында, халық арасында жақсы «сыбыс» тарап, болашақта өзіңіз орнатқан кассалық рекордты, қайта жаңартасыз деп үміттенеміз.