Брэд Питт Венеция кинофестивалінің қонақтарын таңырқатты.

Сообщить о проблеме с эфиром

Әлемнің кіл мықты режиссерлары Италияда! Бұл күндері 76-шы рет шымылдығын түрген Венеция кинофестивалінің көркі қызуда. Жайылған қызыл кілем күн сайын жер жаһаннан келген қонақтарды қарсы алып жатыр. Меймандар арасынан көзге түсіп, ерекшеленгені Брэд Питт болды.

Өнерпаз сайысқа өзі басты рөлді сомдайтын, әрі продюсерлік еткен «Жұлдыздарға» картинасын таныстыруға келген еді. Арнайы жолақ бойымен жүріп өткен оны байқаған көпшілік, Анджелинамен айрылысу актерға майдай жаққандай деп топшылауда. Бұған себеп, голливуд серісінің мінсіз мүсіні мен бал-бұл жайнаған жүзі.

Тұсауы Венецияда кесілген картинада Брэд мырза, ғарышкер кейпінде. Режиссер Джеймс Грэйдің бұл фильміне сыншылар да өз пікірін білдіріп үлгерген көрінеді. Олардың ойынша, лента ғарыш тақырыбында таспаланған туындылардың үздіктерінің қатарында.

Брэд Питт, актер:

- Бұл фильм, мен төбе көрсеткен картиналардың ішіндегі ең қиыны болды. Себебі, туынды тек ғарышқа сапар туралы емес, ішкі әлеміңе жасалған саяхат дер едім.

Еске салсақ, лентаның сюжетіне өзге ғаламшарда жоғалған әкесін іздеуге кіріскен ғарышкердің оқиғасы баяндалады.