Қазақтың Ақбаяны! Көзі тірі болғанда 65- ке келетін Мәдина Ералиеваны үзеңгілестері еске алды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Ән әлеміне өзіндік үн қосып, қазақтың Ақбаяны атанған Мәдина Ералиеваның дүниеге келгеніне 65 жыл! Осыған орай, оның өнердегі үзеңгілестері түгелдей бас қосып, еске алу кешін ұйымдастырды.

Концертте кіл мықты әртістер төбе көрсетсе де, көрермен саны көңіл көншітпеді. Залдың жартысын да толтырар халық жиналмаған концертті ұйымдастыруды – Майра Ілиясова мойнына жүктегенді.

Майра Ілиясова, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

- Осы концертке 7 миллион теңге кетті. Қайта-қайта жасайтын Әрсенде де ақша жоқ. Қазір бір жақсы азамат қомақты ақша беріп көмектесті оған да шүкір. Сосын халық біздің демеушіміз.

Дегенмен, жиылған көрерменнің кешке келгеніне өкінбегені анық. Себебі, Мәдинамен бір сахнада жүрген аға буын түгел Ералиеваның репертуарын шырқады.

Роза Рымбаева, ҚР халық әртісі:

- Мәдинамен осы Республика сарайында талай сахнаға шықтық. Өмірде де араласып, бір-біріміздің қиыншылығымыз кезінде бірге жүрдік.

Мәдина әдемі дауысы ғана емес, стилі арқылы дакөптің есінде қала білді. Сахнаға шляпа, қолғап киіп шығып, ерекше образдарымен төбе көрсеткен де тұңғыш Ералиева еді.

Толқын Забирова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

- Әдемі, модный киініп жүрген апамыз еді. Аппақ түсті жақсы көрген, аппақ анандай шляпа киіп алып, қолына перчатка, аяғына колготкиге дейін аппақ болып, сөйтіп киініп жүретін. Жасыл болса, барлығы жасыл болып шығатын.

Ал, Мәдина Сәдуақасова үшін қазақтың Ақбаянының алар орны мүлде бөлек. Өнер әлеміне жетелеп, қолдау танытқан да Ералиева болды еске алады әнші.

Мәдина Сәдуақасова, әнші:

- Біз ол кісімен 96 жылы Алматыда Қызылорданың күндері деген концерт өтті, сол концертте кездескен болатынбыз. Мен ол кезде 16-дамын. Ол кісі ей жерлес қыз деп, және де ол кісі мен «Музыкалық вояж» деген байқауға қатысушы ретінде қатысқанда ол кісі жюриде отырды. Сондықтан ол кісі мені қолдап та үлгерді.

Осылайша, кезінде «Есіңе мені алғайсың» деп әуелете ән салған Мәдинаны әріптестері бір сәт те ұмытпақ емес. Ал, оның сыңғырлаған дауысы әлі де халық жадында.