«Көптен күткен ұлы той»! Әнші Кентал биыл бойдақтықпен қоштаспақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Кентал, әнші:

- Құдай қаласа үйленерміз. Әрекет жасау керек. 2017-де үйленетін сияқтымыз.

Бұл Кенталдың осыдан тура үш жыл бұрын арнамызға берген сұхбаты. Жаңа жыл қарсаңында бақытты отбасы, үлгілі отағасын сомдап жүрген бейнебаян түсірілімінен үзінді еді.

Кентал, әнші

- Әрбір ер адам, өз жарын сыйлап, бағалап, өмір сүрсін дегенім ғой. Осы клипті қарап, бір-бірімізді бағалайық.

Жанкүйерлері «Айтылған сөз, атылған оқпен тең» - деп, 2017 жылдың соңына дейін үйлену тойын күтті. Әсіресе, жұлдызды сұрбойдақтың ата-анасы келін түсіретін күнді тағатсыздана тосуда. Алайда, Кентал шаңырақ көтермеді.

Кентал, әнші:

- Қашан құдағи болады, қашан құдалармен қыдырамыз, тойларға бір-біріне барамыз, дос боламыз, қашан ол болады дейді?

Ал, бұл Талғат Кенжеболатовтың 2018 жылдың жаз айларында, әдетінше түсірілім барысында берген сұхбаты. Орда бұзар жастан асса да, әлі отбасын құрмады. Себебі, шығармашылық ізденіс пен үздіксіз түсірілімдерінен босамайтын көрінеді.

Кентал, әнші:

- Жоспарлар көп, бейнебаяндар түсіру, киноға түсу. Үйлену деген жоспарда бар. Сондықтан, басымыз аман-сау болсын алдымен.

2019 жылға «жоспары айқын, мақсаты мықты» Кентал, Луинаның туған күнінде жанына сұлуын ертіп келіп, жанкүйерлерін бір қуантқаны ел есінде.

Артынша ғаламторда әншінің белгісіз сылқымға сақина сыйлап, үйленуге ұсыныс жасағанын жариялады. «Көптен күткен ұлы той жазда болады» - деп, түрлі таблоидтар де жарыса жазып еді. Бірақ, Кентал «той қашан» деген сауалға үнсіз қалған болатын.

Кентал, әнші:

- Үйленемін, енді қайтейін. Екі ай қалды ма? Жарайды, еркек деген сөзінде тұру керек, үйленем.

«Биылғы жылдың соңына дейін үйлену тойым міндетті түрде болады» - деген уәдешіл жігіт, әдетіне басып мардымды жауап айта алмады.

Кинодағы образдарым деп жүріп, өміріндегі басты рөлді ұмытпасы болғаны! Талай жастың тойында шырқалған «Құдағи бір би» туындысына, анаңыз да жыл соңына дейін бір билеп қалар деп сенеміз!