Шоу-бизнестің оң жақта отырған қыздары кімдер?

Сообщить о проблеме с эфиром

Шоу-бизнесте ақ келін атануға асықпайтын сылқымдар көп-ақ. Мәселен, соңғы уақытта Гүлназ Жоланованың жеке өмірі жұрттың талқысында. Көпшілік оны блогер Дәулет Есенбайұлымен көңіл жарастырған деп топшылауда. Алайда кей қазнет қолданушылары: «27 жастағы актрисаның таңдауы өзінен 7 жас кіші жігітке түспейді», - деп жарыса жазуда.

Отызға таяған экс-Аюмилік Ақназ Сағындық та шоу-бизнестегі «оң жақта отырғандар» қатарында! Бүгінде «Аянат» тобының музыкалық продюсері атанған бикеш әзірге жеке өмірін шығармашылыққа алмастырған сыңайлы.

Актриса әрі экс-Джейрандық ару Фариза Ескермес нағыз махаббатын кездестіретініне сенімді. Сондықтан сылқым, бойдақ атағынан құтылу үшін ғана тұрмыс құруға құлықсыз.

Фариза Ескермес, әнші:

- Былай айтады ғой бәрі, 25 жасқа дейін қыздар тұрмысқа шығып кету керек, шықпаса ой ол отырды деп айтады көбісі. Бірақ, 25 жасқа дейін сен өз махаббатыңды таппасаң, сен кімге шығасың? Сен сол махаббаты 35-те кезіктірді дейік, сонда 35-ке дейін уақыт келді деп көрінгенге шыға салып, олай істеуге болмайды.

Фаризаның өнердегі құрбысы Алтынай Жолдыбаева талай жігіттің жүрегін жаулағаны жасырын емес. Алайда ару сүйікті жар атануға әле де дайын емес көрінеді. Көптен бері Марлен есімді модельмен көңіл жарастырған ол, ғашығымен ат құйрығын үзіскен.

Актриса Бибігүл Ақтан да көп ұзамай 30-ға толмақ. Бикеш бүгінде жеке өмірі жайлы тіс жармауды құп көреді. Десе де, Сүйіншалинаның арманындағы ақ боз атты ханзадаға қояр талаптары қатал.

Бибігүл Ақтан, актриса:

- Шынымды айтсам мен жеке өмірім туралы айтпаймын. Дегенмен менің жүрегімді жаулау үшін сөзінде тұра білетін ер азамат болғанын қалаймын.