Алматыда Батырхан Шүкеновты еске алу кеші өтті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақ музыкасының Батыры осымен алтыншы жыл ортамызда жоқ. Әйгілі музыканттың туған күніне орай Алматыда мерекелік кеш өткізілді. Концертке қатысқан «Mezzo» тобы Шүкеновтің таңдамалы әндер топтамасын халыққа ұсынды.

«Mezzo» тобы:

– Батырхан Шүкеновтің попурриін жасаған кезде, ол кезде Батырхан ағамыз біздің арамызда болатын. Батыр аға өкінішке орай бұл әнді тыңдай алмады.

Себебі жігіттер попурри жасау жұмыстарын, Батырхан дүниеден өтерден бір жыл бұрын бастаған. Шүкеновтың музыкалық продюсері болған Олжас Байқанов әнді тыңдап, өнерпаздарға өз ақыл-кеңесін айтқан екен.

«Mezzo» тобы:

– Бір екі өлеңін алып тастады ол кісі бұны айтпай ақ қойыңыздар мынау, мынау деп, ол кісіге бірден ұнады себебі біз мұқият қарадық әрбір өлеңге.

Шүкенов шығармашылығын насихаттау жолында, бүгінде арнайы қор қызмет етеді. Әйгілі музыканттың атындағы ұйым түрлі жаңа жобаларды жүзеге асырмақ ниетте. Еске салсақ, Алматы қаласында Батырханның құрметіне есімі берілген көше бар. Ендігі кезекте ерекше дауысқа ие әншінің ескерткіші Нұр-Сұлтан қаласында салынбақ жоспарда.

Наргиз Шүкенова, «Batyr foundation» атындағы қордың директоры:

– Өте жақсы, сапалы ескерткіш болғанын қалаймыз. Бұл белгілі бір мүсін сияқты емес, мүмкін басқаша бір формада болса. Әлі қарап, талқылап жатырмыз, асықпаймыз. Еліміздің мықты мамандарымен жұмыс істегіміз келеді, сол үшін ойлану үстіндеміз.

Ал Батырханның туған ағасы Бауыржан інісі туралы кино түсіруді ойланып жүр. Тек қаражат жағы қинап тұрған көрінеді.

Бауыржан Шүкенов, Батырхан Шүкеновтің ағасы:

– Біздің үлкен жолдасымыз Дилмұханбет баяғы Батырханның клиптерін жасаған, ол да былай ойында бар. Сценарийі де жазылған. Бәрі енді қаржыға байланысты болып тұр. Жағдайға байланысты болып тұр.

Алдағы уақытта «Батырхан Шүкенов» атындағы қор жас композиторларға көп көңіл бөлмек. Тіптен, арнайы өнерпаздар үшін «Batyr Lab» деп аталатын заманауи қазақстандық музыкалық резиденциясын құрған. Ал, елдегі жағдай тұрақталса, фонд келесі жылы үрмелі аспаптарда ойнайтын таланттар арасында халықаралық конкурс өткізбек ниетте. Сонымен қатар, «Batyr foundation» жыл сайын тұрақты түрде жас таланттарды іріктеп, стипендия беріп келеді.