Шеслана Құсаинова, @sheslana_kusainova
– «Болмаған балалық шақ» картинасының премьерасындамыз! Кітабы бестселлерге айналып, театрда қойылымы аншлагпен өтетін шығарма енді үлкен экранда. Шынайы оқиғаға негізделген фильмнің нағыз кейіпкерлері қандай пікірде? Бірге білейік.
«Болмаған балалық шақ» кітабы алғашында бестселлерге айналып, кейін еліміздің қос театрында сахналанған еді. Шығарманың экоранизациялануына себеп болған оқырмандардың қолқасы екен. Ал шынайы оқиғаға негізделген картинаның нағыз кейіпкері өзін сомдаған актерлердің ойынына таңданысын жасыра алмады.
Ақберен Елгезек, «Болмаған балалық шақ» шығармасының авторы:
- Бозбала Ақошты да кішкентай Ақошты ойнаған екі актерге мен дән ризамын. Керемет алып шыққан. Тіпті асып түсті деп айтуға болады.
Шәкәрім Алмасбек, актер:
– «Болмаған балалық шақ» шығармасымен қашаннан бері таныссың?
– Бұрыннан бері таныспын. «Ақберен ағаның рөліне өттің, сомдау саған бұйырыпты», -дегенде мен ең бірінші сол кітапты алып, бір демде оқып шықтым.
Фильмде кішкентай Ақбереннің рөлін танымал актер, әнші Мақсат Рахметтің 11 жасар ұлы Шәкәрім Алмасбек сомдайды. Қазақстан бойынша аықымды түрде өткен кастингте 800 үміткер ішінен ерекше көзге түскен жас актер: «басты рөлді сомдау оңайға соқпады»,- дейді.
Драма жанрындағы лентаның режиссері -Айдын Сахаман. Кез келген жобаға келісім бере бермейтін талғампаз режиссердің аталмыш туындыға ықыласы ерекше. Өйткені:
– Шығарманы оқып жатқан кезде өзім біраз тебірендім. Бұл енді баланың тағдыры болғаннан кейін, басынан өткен қиын оқиғалар болғаннан кейін бұны түсірмеске болмады.
«Шығарманың 3-ші реинкарнациясын жасауда үлкен жауапкершілік сезінгенім сонша әр детальға ерекше мән бердім»,- дейді режиссер.
– Түсірілім уақыты қанша күнге созылды?
– Толыққанды бір 26-28 күннің төңірегі. Бірақ ол бір 3 айға созылды. Жазы бар, күзі бар, қысы бар. Енді тарихи дүние түсіру оңай емес.
Шығармашылық ұжымның көздегені сан емес, сапа. Атқарылған қыруар жұмыста Әбілмансұр Серіковтың да өзіндік үлесі бар. Алайда картинада актердің бірде-бір сахнасы жоқ. Бұл жағдайдың мән жайын өнер иесінің өзінен сұрауды жөн көрдік:
Әбілмансұр Серіков, актер:
– Бұл фильмде ойнағанмын. Сосын оны кесіп тастапты...
– Сіздің ренішіңіз жоқ па?
– Ешқандай да реніш жоқ. Бұл кино. Бұл шығармашылық...
Бүгінгі таңда еліміздің киноиндустриясында балаларға арналған тың туынды жоқтың қасы. Алайда «Болмаған балалық шақ» оның орнын толтырмақ.
Басты кейіпкерге «Ғажап тағдыр иесі» атауын берген актер Ерлан Біләл – кинода Елгезектің бауыры. Оның айтуынша «Болмаған балалық шақ» өзгелерге ұқсамайтын ерекше туынды:
Ерлан Біләл, актер:
– Касса жинайтынына мен кәміл сенемін. Көрерменннің қабылдауын кәдімгі арқамызбен, жан дүниемізбен, рухымызбен сезіп отырдық, көзімізбен көрдік, көңілге түйдік.
Индира Құлмағамбетова, актриса:
– Егер Қазақстанда Оскар берілетін болса, мен дәл осы фильмге Оскар беретін едім.
Әділ Ахметов, актер:
–Қазіргі таңда осындай мазмұны терең фильмдер өте керек.