«Қазақ футболы кімге керек?» Дәл осылай ұрандатып, көрермен көкейіне ой салған аяқдоп жайлы көркем фильм 24-сәуірде көрерменге жол тартты! «90+1» деген атау алған мотивациялық драмаға жоба авторы 5 жылын сарп еткен екен.
Қуаныш Керімқұлов, актер, жоба авторы:
– Неге атауы «90+1»?
– Футболда барлығына берілетіні 90 минут. Егер 90 минутта матч тағдыры шешілмесе, онда қосымша уақыт беріледі. Сондықтан қосымша уақыт. Және ол жерде аллегория бар әркімнің бір мүмкіндігі бар.
Сценарий желісі бойынша тастан қоршалған алаңда доп теуіп өскен бас кейіпкердің арманы Қазақстан құрамасын Еуропаға шығару. Алайда өмірдің сынағы бала арманы мен жауапкершілік жүгі арасында таңдау жасауға мәжбүрлейді.
Қуаныш Керімқұлов, актер, жоба авторы:
– Қаншалықты кәсіби футболшылар бұл жобаға атсалысты?
– Көп командалар, көп клубтар әлі де бізді қолдап жатқан жоқ. Неге екені бізге түсініксіз. Себебі кәсіби футболшылар жайлы алғашқы туындыны жасап жатырмыз. Федерация неге қолдамайтынын түсінбеміз..? Нақтырақ айтқандай бұл тегін жарнама ғой футболға. Сондықтан да фильмнің слоганы «қазақ футболы кімге керек?»
«Илегеніміз бір терінің пұшпағы» деген жоба авторының реніші орынды-ақ. Қуаныш мырза өкпесін айтып қана қоймай, елордада өткен жабық көрсетелімге барып, жарнамасына атсалысқан «Астана» футбол клубы ойыншыларының еңбегін атап, алғысын жеткізді.
Алмат Сақатов, актер:
– Мен футболшы емеспін. Бірақ ойнаған біздің жігттер, әсіресе әртістер қатты шаршады. Енді олар спортшы емес қой. Бірақ кино бір дубльмен түспейді. Бір допты 100 рет тебу керек. 100 рет жүгіріп келу керек. Қиын болды, оңай боған жоқ. Тым болмаса бір бала футболға барып, осыны қарап, «мен неге ойнамаймын?» деп ойланғанының өзі еңбек қой.
Танымал «Гол», «Пеле» толықметрлерінде алаңдағы кадрларды түсіру үшін арнайы спортшылар шақырылса, аталмыш көркем фильмде актерлердің дублеры болмаған. Кастқа тек аяқдоптан хабары бар мамандар таңдалған екен. Продюсердің айтуынша, бұл туындының динамикасын арттыруға бағытталған қадам.
Фильмде Арчи нигымен танымал блогер Артур Асқарұлы да бой көрсетеді. Желі жұлдызына құрама капитанының рөлі бұйырса, жақында сүйіктісінің ұсыныса иә деп жауап берген Ақерке Назарбекова мейірбике образына таңдалған.
Ақерке Назарбекова, актриса:
– Біз трейлерден байқап қалдық Қуаныш мырза екеуіңіздің сүйісуге сәл жақын сахналарыңызды, ол сол жерден тоқтай ма әлде жалғаса ма?
– Сол жерден тоқтайды.
– Жалпы Жасұлан, мырза талап қоя ма рөліңізге қатысты?
– Жоқ, қоймайды. Бірақ екеуіміз бір-бірімізге айтқанбыз, ашық сахналарға екеуіміз де қарсымыз.
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҰКҚО қолдауымен түсірілген. Продюсер Қуаныш Керімқұловтың айтуынша, спорттық жобаға бас-аяғы 200 млн теңге қаржы жұмсалған екен.
Қуаныш Керімқұлов, актер жоба авторы:
– Мемлекеттен берілген қаржы жетті ме? Әлде демеуші іздеуге тура келді ме?
– Демеуші іздедім. Себебі спортты түсіру қымбат. Себебі қарапайым атардағы фильмді түсіру үшін қолданған техниканы спортта қолдана алмайсыз. Доптың бағытымен камера жүргізу қымбат.
– Өзіңіз жобадан кейін қарызға кіріп, біраз қаржыдан қағылып қалмадыңыз ба?
– Иә, қағылдым.
Керімқұл-тегі сөзін «еш өкінішім жоқ» деп аяқтады. Егер осы туындыны көрген жеткіншектер футболға аяқ басып, кәсіби деңгейде айналысар болса, көрерменнің аяқдопшыларға деген сенімі оянса. еңбектің ақталғаны дейді ол.
Мақсат Рахмет, кино және театр актері:
– Көңілімнен шықты. Әсіресе соңына қарай динамика көтеріліп, жүрек толқып, қобалжыған сәттер болды.
Бахтияр Байсерік, актер:
– Драматургия жағынан да, тағдыр жағынан да, арман -мақсатқа қол жеткізу жағынан да керемет фильм.
Азат Жұмаділ, актер:
– Керемет. Өте керемет фильм. Қазақ футболы жасасын!