Мөлдір Нұрғалиқызы, @moldirr_kozim
– Нұрболхан Шарапов – алтын өндіру бизнесінің мұрагері болып шықты. Ақшаның астында қалған әзілкеш өмірін түрлендіру үшін аңшылық ойынына тапсырыс берген. Алайда, бәрі шектен шығып, енді ол жалдамалы киллердің нысанасына түсті. Актердің келесі жайы қандай болмақ? Бірге анықтайық.
«Жаным Киллер». Алғашында осындай атаумен бастау алған кезекті лента кейіннен «Gold’n Рахат» деп өзгертілген. Продюсердің айтуынша экшн-комедияның сценарийінен бұрын актерлері таңдалған.
Ермек Тұрғанбек, кинопродюсер:
– Неге дәл Нұрболханды таңдадыңыздар?
– Енді Нұрболханда потенциал үлкен, менің ойымша. Қазір халықтың былайша айтқанда өте кассовый актерлері бар ғой, солардың орнын баса алатын актерлердің бірі деп санаймын Нұрболханды. Оның үстіне типаж бойынша келді. Нұрболханды таңдағаннан кейін бізге сценарий жазу кішкене оңайырақ болды десек болады.
Аталмыш туындыда Нұрболхан байлыққа мастанған антогонистің кейпінде. Еске салсақ, бұл оның алғашқы басты рөлі. Сондай-ақ, оның образы шынайы өмірден алынған деседі.
Нұрболхан Шарапов, актер, әзілкеш:
– Нұрболханның табиғатына қаншалықты сай келеді бұл рөл?
– Мүлдем келмейді негізі. Маған сәл қиындау болып жатыр. Өйткені, мұндай образдағы адамдарды болады ғой ойнауға, бірақ сендіре алу мәселесі ғой. Ойнауға болады, бірақ сене ма халық деген сияқты...
– Сценарий қазақша-орысша 2 тілде жазылған. Қиын боп жатқан жоқ па орысша сахналарды ойнау?
– Сол маған қазақша жазған, қасымдағы Ерланға орысша сөздерді берген ғой...
«Gold’n Рахат» – Шараповтың актерлік қабілетін ғана емес, физикалық дайындығын да сынап жатқан көрінеді. Әзілкеш күрделі сахналарда дублердің көмегіне жүгінбей, трюктерді жеке орындаған.
Нұрболхан Шарапов, актер, әзілкеш:
– Каскадерлік сахналар бізде өте көп. Атқан кезде ұшып кететіндер, біраз жерге дейін.
– Өзіңіз ба?
– Иә өзім.
– Дублер болмай ма?
– Дублер болды, бірақ өзім айттым, мен өзім орындағым келді. Өйткені камераға түсірген кезде түр көрінеді ғой бәрібір. Алдынан, жан-жақтан алғанда. Мен сарымын, дублерім қара. түстеріміз келмейді да, сол үшін өзім істедім.
Мамасарипованың фильміне 450 мыңға түсіп жүрген актер, басты рөлдегі дебютін жоғары бағалаған көрінеді. Десе де, нақты райдері жоқ Нұрболхан продюсерлерге қандай талап қойған?
Нұрболхан Шарапов, актер, әзілкеш:
–7 млн деп айттым, соның 5,5 миллионына келістік. Құпия шығар, басқалар біліп қоймасын. Бірақ мен барлық жерде ақша н жасырмай айтамын. Мысалы қыз бен жігіттің арасындағы жақын қарым-қатынас болатын сахналарға келіспеймін. Басқа бетпақтың рөлін, барып кел-шауып келдің рөліне, антогонистің рөлін ойнауға бәріне келісемін.
Толықметр жағымсыз кейіпкерлерге толы. Олардың қатарында Ерлан Пірімбетов те бар.
Ерлан Пірімбетов, актер:
– Негізі жағымсыз адамды ойнау оңайырақ. Менің бірінші рөлім болғаннан кейін мен де ойладым маған қиын болатын шығар деп. Сөйтсем жоқ, оңай екен.
«Gold’n Рахат» — мүлде екі түрлі әлемнің қақтығысын суреттейтін экшн-комедия болмақ. Фильмді көрген көрермен нағыз бақыттың не екенін сезінуге мүмкіндік алады. Аталмыш картина осы жылдың күз айында үлкен экранға жол тартады.