Қайрат Әділгерей жаңа амплуада бой көрсетпек!

Сообщить о проблеме с эфиром

«1+3» Гүлнұр Мамасарипова кезекті толықметріне кірісті. Продюсер бұл жобаға локация іздеп біраз сабылған. Ұзақ ізденістен соң таңдауы Ташкент пен Бұқараға түскен.

Гүлнұр Мамасарипова, кинопродюсер:

Негізі қайда барып түсірсек екен деп басында ойлағанбыз. Бірнеше елді қарастырып көрдім. Мен Үндістанға да барып келдім. Содан Ташкент өзімізге оңтайлы болды. Менталдық, фольклорлық, этникалық жағынан болсын. Қаражат тұрғысынан ешқандай да тиімді емес. Кез келген шетелге барған сияқты бәрібір де басқа мемлекет болғаннан кейін, Қазақстанда түсіргеннен екі есеге қымбат шығады. Ол жағынын бұл басты аргумент болған жоқ.

 

Қызығы, продюсер бірден екі бөлімін таспаламақ. «Алғашқысының прокаты аяқталған соң араға екі ай салып жалғасын ұсынамын»,- дейді Гүлнұр Мамасарипова.

Гүлнұр Мамасарипова, кинопродюсер:

Мен өзім сериалдың маманы болғандықтан сол сериалдық әдісті алдым. Бұл үлкен эксперимент болайын деп тұр. Бұл мен үшін үлкен тәуекел. Бірақ енді тәуекел түбі жел қайық қой. Көреміз, көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын.

 

Фильмнің желісі Қайрат есімді кәсіпкердің оқиғасын баяндайды. Қатаң қағидаларға сүйеніп өмір сүретін ол өмірге, адамдарға деген сенімін жоғалтқан. Тағдыр жолықтырған үш дос оның бойындағы осы олқылықты толтырмақ. Басты рөлді Қайрат Әділгерей сомдайды. Актер бұл туындыда жаңа амплуада бой көрсетпек.

Қайрат Әділгерей, актер:

Енді көрермен тұрмақ менің өзіме де қызық. Бұндай рөлді ойнау. Және де әдетте киноға мені комедия жанрындағы рөлге көп шақырады. Ал бұл жерде бір жақсы жері менің мақсатым күлдіру емес. Қиын сахналар келе жатыр. Өйткені эмоцияға берілетін қиын сахналар бар. Менің көрермендерім менің ондай эмоциялық сәтте көрмеген. Өзіме де бір қызық. Оған мен қатты дайындық үстіндемін.

 

Кастқа таңдалғандар қатарында Нұрсұлтан Үсен, Хамит Ердехан мен Қуатжан Базарбаев та бар. Әзілкештер фильмнің сценарийіне де атсалысқан екен.

Нұрсұлтан Үсен, актер:

Біз енді кәсіби актер болмағаннан кейін, Жайдармандағы бір образымызды алып шығамыз кейде, оған бірақ мәтін келмей қалады. Сол үшін барынша өзімізді туралап, өзімізді реттеген жайымыз бар енді.

 

Мамасарипова актерлік құрамға Санжар Мадиді де шақырған. Әдетте кербез серілерді, қала қазақтарын, ақсаусақ жігіттерді сомдайтын Санжарды бұл құрамнан көру үйреншікті емес дейді оқырман.

Санжар Мади, актер:

Қандай кейіпкер сомдайтыным баршаға қызық. Есімі Талғат, бастапқыда Қайрат Әділгерейдің көмекшісін ойнауым керек еді. Бірақ түсірілімге аз уақыт қалғанда сценаристер біраз өзгерістер еңгізді. Сондықтан көпшілікті әрі қарай да қызықтырып, рөлім жайлы тіс жармауды ұйғардым.

 

Фильм үлкен экранға күз айларында жол тартпақ, Ташкент пен Бұхарада түсіріліп, бірден екі бөлімі дайындалып жатқан туындыдан қапы қалмаңыз, көрермен.