– Отбасыны сақтап қалу үшін не істеу керек?
– Мен бұны білмеймін. Өте қиын сұрақ…
– Ең бірінші сенім керек. Басқа ештеңе керек емес.
– Мен нақты айта алатыным бір-бірімен диалог ұстай білу керек.
– Іштегі эгоны қоя салу керек. Егер мінезің болса, агрессия болса онымен жұмыс істеу қажет.
– Отбасын сақтап қалу үшін, біріншіден отбасы ол үлкен махаббаттан туындауы керек.
Қазақстан ажырасу бойынша алдынғы шепте. «Бұл көрсеткішті өзгерту мақсатында үйлену оңай картинасын таспаладым» дейді Ай-Керім Самалбекқызы. Оған қоса, кинопродюсер тырнақалды туындысының кастына кіл мықтыларды таңдаған.
– Ай-Керім Самалбекқызы, кинопродюсер:
– Біз жалпы танымалдылығына қарап емес, актерлерді типажына қарап таңдадық. Бұл кісілер қаламақыдан бөлек сценарийді оқиды. Кез келген фильмге келісе бермейді, мәселе ақшада емес.
Картина желісі Санұржан Сүлейменов сомдайтын Айдар есімді сценаристтің фильмге идея іздеп жүрген сәтінен бастау алады. Бір қызығы, актер киноға дейін бұл мамандықтың қыр-сырын біраз зерттеген-ді.
Санұржан Сүлейменов, актер:
– Қаншалықты жеткіздім оны білмеймін, оны көре жатармыз. Бірақ, біздің керемет сценарий авторларына өзімнің кішігірім алғысымды осы кейіпкермен білдірдім. Көрерменге жетсе, өте бақытты актер деп санаушы едім өзімді.
Шабыт іздеп жүрген жас киногер, ой бөлісу үшін Әсел Садвақасованың кейіпкері психолгпен танысады. Кейін олар бірнеше фильмге сценарий жазады. Екеуінің негізгі миссиясы жұптардың неліктен екі жаққа кететінін анықтау.
– Әсел Садвакасовамен бірінші рет жұмыс істедіңіз бе? Қалай болды?
Санұржан Сүлейменов, актер:
– Бірінші рет жұмыс істедік ау. Иә. Жақсы болды. Ол кісімен біраз сөйлесіп әңгімелесіп. Жаңа сұрақ болды ғой. Отбасын қалай сақтап қалу керек?
– Әселмен ашық диалог болды. Бір-бірімізге сеніп, осы біздің хикаямызды түсірідік.
Бірінші оқиға, екі оттың ортасында қалған Жақсылық Айтқұрманның хикаясы. Ене мен келіннің арасындағы нашар қарым-қатынас сынды қоғамдағы өзекті проблемалар оның отбасын айналып өтпейді.
Жақсылық Айтқұрман, актер:
– Расымен де қазір көп еркектердің жағдайы сондай. Ол өте ақкөңіл жігіттерге арналады деп айтсам болады. Ол кезде не жүрегін тыңдай алмайды. Не ақылын тыңдай алмай қалады адам. Сол кездегі менің жасаған таңдауым осы.
Ал Әсел Сағатова болса, Берік Айтжановтың көп жыл отасқан жарын сомдайды. Актрисаның айтуынша, бұл олардың алғашқы жұмысы емес.
Әсел Сағатова, актриса:
– Сол үшін де маған өте оңай болды. Жұмыс процесі қызықты өтті. Мен көптен бері онымен бір жобаға түскім келген. Себебі, ол өз ісінің нағыз шебері.
Фильмде күйеуінің опасыздық жасағанын біліп, күйзеліске ұшыраған Әсел, кенеттен Санжар Мәди ойнайтын экс-сүйіктісін кездестіреді.
– Сіз сатқындықты кешірер ме едіңіз?
Әсел Сағатова, актриса:
– Әрине өзімнің кейіпкерім секілді шешім қабылдайтын шығармын. Сонымен қатар, мен бұл фильмде осындай ауыр тағдыры бар әйелдердің жанын тереңірек түсіндім десем болады.
Ал актриса Тамирис Жанғазиноваға «Үйлену оңай» картинасындағы эпизодтық рөл бұйырған.
– Фильмдегі кейіпкеріңіз жайлы айтып беріңізші?
Тамирис Жанғазинова, актриса:
– Қызықсыз, кейіпкерім өте қызықсыз. Себебі, қатты көп уақытым болған жоқ. Бірақ, жалпы менің кейіпкерім қатты қызықты емес. Себебі, оның табиғаты көп ашылмады.
Фильмнің басты месседжі – дұрыс таңдау жасау. Отбасылық құндылықтарды арқау еткен лента бүгіннен бастап көрерменге жол тартады. Отбасы дағдарысына ұшыраған 3 жұптың хикаясы қалай шешіледі, жауабы үлкен экранда!
– Фильм ұнады ма? Пікіріңізбен бөлісе кетсеңіз.
Азамат Сатыбалды, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Фильм ұнады. Неге ұнады фильм. Фильмде эстетика бар. Мен кадрда қарап көзім тойды. Әдемі актерлар, әдемі локация, әдемі оқиға. Көремен барса екен. Дәл осындай киноларды көру арқылы, көрерменнің талғамы өссе екен.
Diko ray, блогер:
– Үйлену оңай, үй болу қиын деп бекер айтпаған. Шынымен де отбасылық құндылықтарды көрсетіп кеткен. Себебі, әлі тұрмысқа шықпаған қыздар өте көп. Менің өзім де инсайттар алдым десем де болады.