Актер Рауан Ахмедов құлдыққа түсті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық актерлер Жахан Отарғалиев пен Рауан Ахмедов халықаралық жобада басты рөлде! «Нелегал. Через Мексику» шынайы оқиғаға негізделген картина. Нақтырақ айтсақ, фильмдегі кейіпкерлер Латын Америка шекарасынан заңсыз өтуді көздейді. Ал идеясы авторы қырғыз актері - Эмиль Эсеналиевке тиесілі.

Эмиль Эсеналиев, (Қырғызстан) идея авторы, актер:

Жаңалықтардан көріп отуруш «Адамдар қиналып барады» деп. Бир оқиға жазғанмын. Телефонға жазып «Нелегалдар» - деп, режиссер Руслан Акун байкеме айтып бергенмін.

 

Сонымен қатар Эмиль Эсеналиев бұл толықметрде актер ретінде де бой көрсетеді. Ал оның інісін сомдау міндеті Рауан Ахмедовқа жүктелген. Лента желісі бойынша, болашағын Америкада елестеткен Рауанның кейіпкері арманын орындау үшін заңсыз әрекетке баруға мәжбүр болады. Нәтижесінде ол қылмыскерлердің тұтқынына түседі.

Рауан Ахмедов, актер:

Руслан ағамен біздер неше түрлі құлдыққа түскен адамдардың видеоларын қарайтынбыз, соларды зерттейтінбіз. Одан кейін құлдық жайлы фильмдер қарадым. Сонымен зерттей келе, рөлімді сомдап шықтым.

 

Ал інісінің соңынан кеткен басты кейіпкермен, ауыр жолды бірге кешкен қазақ жігітті Жахан Отарғалиев сомдайды. Олар бұл сапарда түрлі зұлымдықтың куәсі болып қана қоймай, өздеріне де түрлі қиындықты еңсеруіне тура келеді.

Жахан Отарғалиев, актер:

Біздің де бауырларымыз арасында бар мұндай оқиғаға ұшырап қалып жатқан отандастарымыздың күйін кешіп қайттым ғой. Кішігірім болса да. Сол кезде мен кәдімгідей сездім бар ғой. Шын мәнінде біздің бауырларымыз осылай жүрді екен ғой деп.

 

Жахан Отарғалиев бұл фильмде бой көрсетуге бірден келісім бере қоймаған. Оған шығармашылығындағы 2 жылдық үзілістен кейінгі, түсірілім алаңына деген жатырқау сезімі себеп болған.

Жахан Отарғалиев, актер:

Сол кезде «Руслан байке, мүмкін ойланарсыздар. Сіз деген халықаралық жоба жасап жатсыз. Ертең мен сізге кедергі болып қалмайын. Ойларыңыздан шыға алмай қалсам, өз-өзімді кінәлап жүргім келмейді»- деп, мен алғашқыда бас тартқанмын.

 

Актер алғашында біраз тартынғанымен, кейін жобаның бір бөлігі болуға шешім қабылдаған. Оның сөзіне қарасақ, бұл бекер емес екен.

Жахан Отарғалиев, актер:

Мен Қырғызстанда, осы «Нелегал» киносында қазақша ойнадым. Сөйтіп Қырғызстанда да прокатта қазақ тілінде шықты. Ол жерде де менің қазақша әзілдеріме күліп отыр ғой көрермен.

 

Айта кетейік, жоба авторлары сценарийді Рауан Ахмедовқа арнап жазған. Актер бұл құрметті аса жоғары бағалады ма, режиссердің талаптарын бұлжытпай орындаған-ды. Мәселен, 1 айдың ішінде 14 кг салмақ тастап, денсаулығын құрбан еткен.

Рауан Ахмедов, актер:

Мен күніне 800-1000 калория жеймін. Одан бөлек күнде жүгірдім. Салмақ түсіретін киім киіп аламын да, спорт залға барамын. Күніне жаттығу залында 700-600 калория тастап кететінмін.

Қиын болған жоқ па?

Сол сәтте қиын болды негізі. Неге десеңіз, қарным ашып жүрді, тамақ жегім келіп жүрді, әлсіреп жүрдім. Психикалық тұрғыда қиын болды.

Жұмыс процесі жайлы айтып кетіңізші. Бэкстейджден көрдік. Оңай болмағанын байқадық?

Рауан Ахмедов, актер:

Ең қиын болғаны ұшып-қону. Өйткені, Дохаға дейін 5 сағат, одан кейін 15 сағат Сан Паулоға. Сан Паулодан Буэнос-Айресқа 6 сағат. Одан Игуасуға тағы 4 сағат ұштым. Сонымен ары-бері ұшу өте қиын болды. Қайтқанда да дәл солай 32 сағаттан ұштық қой.

 

Түсірілімі Аргентинада өткен туынды бүгінде Чикаго, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанда прокатқа шықты. Басты кейіпкерлер өз мақсаттарына жетіп,сол елдің азаматы атана ала ма? Жауабы үлкен экранда!