Тәуекелге бел будым! Дариға Бадықова қандай батыл қадамға бармақ?

Сообщить о проблеме с эфиром

Дариға Бадықова соңғы кезде медиа жиындардан көріне бермейді. Кино десе ішкен асын жерге қоятын актрисаның үнсіздігі, көптің көкейіне күдік ұялатты. Әсіресе, желідегі «Үлкен тәуекелге бел будым» деген жұмбақ жазбасы, отқа май құды. Бұл жаңа кино ма, әлде жеке өмірдегі өзгеріс пе? Осы сауалдың жауабын шынын айтса да, сырын айтпайтын кинопродюсердің өзінен сұрадық.

Дариға Бадықова, актриса, кинопродюсер:

Біреуі жазыпты маған: «күйеуге шығайын деп жатыр!» - деп. Сол себептен ондай күрделі нәрселер жазылып жатыр енді. Бірақ, енді болашақтың еншісінде. Бірақ енді сондай ауқымды жоба болайын деп тұр

 

Көрермен назарын аударып, қызықтыра алатын актриса, бұл жолы да әдетінен танбады. Сөйтсек, Дариға ханымның тәуекелі ақ көйлек киіп, отау құру емес, өнер жолындағы жаңа белесі екен. «Рискті - ризығым» деп түсінген ол, жеңіл комедияның шекпенінен шығып, енді психологиялық драманың жүгін арқаламақ.

Дариға Бадықова, актриса, кинопродюсер:

Өте күрделі фильм түсіреміз. Өзіміздің елде, мен шетелде деп айтпаймын. Сол мен үшін үлкен тәуекел болып тұр.

 

Актрисаның жаңа жобасы от пен судың ортасында жүріп, өзгенің өмірі үшін, өз жанын шүберекке түйетін, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер туралы болмақ. Қаржы үнемдеуді емес, шынайылықты ту еткен шығармашылық топ, шетел аспауды жөн санаған-ды. Түсірілім алаңы ретінде, асқақ Алтайдың баурайы - Өскемен қаласын таңдапты.

Дариға Бадықова, актриса, кинопродюсер:

Енді каз бүкіл ұжым бәрі қорқуда, өте жауапты кино, жауапкершілігі бар. Не болсада тәуекел деп қолымыздан келгенін көрейін деп отырмыз. Бес актер болады. Бес актердың өмірі және сол төтенше жағдай қызметіндегі құтқару жұмыстарының қиындығы көрсетіледі.

 

Әзірге сценарийдің шимайы мен локацияның сұлбасы ғана дайын болса керек. Каст тізіміне де актерлер әлі толық бекітілмеген. Десе де, Дариға ханым басты рөлден Олжас Абайды және өзімді көресіңдер деп қалжыңдап қалды.

Дариға Бадықова, актриса, кинопродюсер:

Өзім бармын енді, өзім түсіретін болғаннан кейін, өзімді түсіп алмаймын ба? Мен қазір ешкімнің киносына түсіп жатқан жоқпын.

 

Оның әр фильмі, бұған дейін кассалық жиында топ жаратын еді. Көз тиді ме, сөз тиді ме? Кім білсін, әйтеуір «Таптым-ау сені 3» жақсы нәтиже көрсете алмады. Алайда, «Тәуекел түбі-жел қайық» демекші, Дариға Бадықова осы олқылықтың орнын, жаңа жобасымен толтыруға бекінген. Ендеше, қадамыңызға гүл бітіп, рекордтық көрсеткішті жаңартасыз деп сенеміз.

 

Автор: А. Сауытбек