Жаңа жыл! Жаңа бағыт! Жаңа рекорд! Биыл Almaty Marathon ауқымды спорт шарасы үшін мерейтой. Күні кеше 15 жылдығын атап өткен қашықтыққа жүгіру жарысы шымылдығын пресс-конференциядан бастады. Ал оған себеп – Жапониядан арнайы қонақ болып келген әйгілі жеңіл атлетика спортшысы - Юки Каваучи. Бір қызығы халықаралық мейман алғаш рет Алматыға ат басын бұрған.
Юки Каваучи, Жеңіл атлетика спортшысы (Жапония)
- Алматыға келгеніме қуаныштымын. Маған расымен де бұл қала ерекше қатты ұнады. Жүгіру жолағының екінші бөлігін көрдім. Айтарлықтай қиын демес едім. Алайда жолдың төмен түсетін және бірден жоғары көтерілетін жерлері барын ескеру қажет. Бірақ аса қатты қиын болмайды деп сенемін. Бірінші бөлігіне келсек, енді ол жерде қарсыластарға, олардың жүгірістеріне әрі өз күшіме қарау қажет. Сәттілік бәрімізге!
Сондай-ақ, ұйымдастырушылар 2018 жылдан бері өзгермеген жарыс бағытын биыл толық жаңартты.
Салтанат Қазыбаева, Almaty Marathon ұйымдастырушы
- Осы жылы бізде трассалар жаңарды. Марафонның арақашығын бір ғана айналымға жасадық. Қатысушылар қаланың дәл ортасында жүгіреді. Бұл біздің қаламыз үшін маңызды іс-шара. Сол себепті тұрғындар марафоншыларға қолдау білдіреді деп үміттенеміз.
Еліміздің оңтүстік астанасы - Алматыда өткен кезекті марафон 16 мыңнан астам қатысушы жинады. Бұл 15 жылда орын алған ең ауқымды рекордтық көрсеткіш!
Еске салсақ, ең ірі мегаполисте қашықтыққа жүгіру алғаш рет 2012 жылы басталған-ды. Бұл марафонның туризм мен қала дамуына қосар үлесі де көп. Мәселен, 2012 мен 2026 жылдар аралығында қайырымдылық жобаларына 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Қатысушылар скандинавиялық жүрістен бастап, 21,1, 10 және 42, 2 км арақашықтықтарды бағындырды. Жүгірген атлеттер мен белсенділер арасында отандастарымыздан бөлек, 66 мемлекеттен келген шетелдік қонақтар да бар. Статистикаға сүйенсек, Ресейден – 550, Қырғызстаннан - 171, Өзбекстаннан 151, АҚШ пен Оңтүстік Кореядан 51 азамат жарыстың мүшесі атанды.
- Мен Қырғызстаннан келдім. Есімім Алмазбек Тоқталиев, 64 жастамын. Бүгінгі марафонға қатысқаныма мақтанамын. 6 жыл болды.
- Мен жүгіруді жақсы көремін. Almaty Marathon менің жүгіру дағдыларымды көрсететін ең керемет іс-шара. Маған бұл расымен де ұнайды. Марафон өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әдемі табиғаттың көрінісімен жүгіру бір ғанибет.
Ал Бостон марафонының 2018 жылғы жеңімпазы, жапондық атлет Юки Каваучи Almaty Marathon екінші орын иегері атанды.
Юки Каваучи, Жеңіл атлетика спортшысы (Жапония)
- Әрине марафонда бірінші келмегенімді мойындаймын. Десе де финишқа 2 сағат 20 минутта жеткенім үшін өзімді мақтан тұтамын. Бұл жарыстың сөзсіз қиын болғаны рас.