SYNERGY: EFW бес елдің дизайнерлерін бір подиумға жинады

Сообщить о проблеме с эфиром

Eurasian Fashion Week халықаралық сән апталығының XII маусымы басталды. Биылғы шараның жөні де, жүгі де бөлек. Өйткені ұйымдастырушылар түрлі мәдениет пен шығармашылық бағыттарды бір алаңда тоғыстырды.

Әсел Акопян, EFW PR-директоры

– XII маусым SYNERGY тақырыбымен ерекшеленеді. Бұл – түрлі мәдениеттердің, адамзат тарихы мен эстетиканың үйлесімі. Олардың барлығы тоғысып, жаңа дүние қалыптастырады. Біз де осы идеяны көрсеткіміз келді. Бүгін дизайнерлерді жаңа қырынан танисыздар.

Отандық дизайнерлермен қатар, Польша, Беларусь, Таиланд және Оңтүстік Кореядан келген сән шеберлері де көктем-жаз топтамаларын көпшілік назарына ұсынды.

Ирина Байжанова, EFW директоры

– XII маусымның хедлайнерлерінің бірі – оңтүстіккореялық дизайнер Ким Джу Хан. Оның бренді Милан сән апталығы аясында Starbucks Reserve Roastery алаңында өз топтамасын таныстырған.

Сән көрсетілімін тамашалауға өнер мен мәдениет өкілдері де келді. Қонақтар дизайнерлердің жаңа туындыларына жоғары баға берді.

Айжан Нұрмағанбетова, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші

– Мені Eurasian Fashion Week сән апталығына 2021 жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан дизайнерім Сергей Шабонин шақырды. Не киетінімді сұрағанымда, өзі дайындаған костюмді киюге кеңес берді. Бүгін сол костюммен келдім.

Дана Алмасова, сәнгер

– Шынымды айтсам, биылғы маусым ерекше өтіп жатыр. Жарнамалық баннерлердің көп болғанын өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. PR және маркетинг командасына алғыс айтқым келеді. Бүгін дизайнерлердің жұмыстары да өте қызықты.

Жыл өткен сайын Eurasian Fashion Week жобасының халықаралық ауқымы кеңейіп келеді. Сән апталығының алғашқы күні тың идеяларымен, мәдениеттер тоғысы мен ерекше дизайнерлік туындыларымен есте қалды.

Ирина Байжанова, EFW директоры

– Көпшілік үшін бір мен бірдің қосындысы екіге тең. Ал біз үшін үшке тең. Өйткені бүгін мәдениет, дизайнерлер мен шығармашылық өкілдері бір алаңда тоғысып, ерекше синергия қалыптастырады.