Актриса Жазира Еркін театрдағы дебюттік рөлін сомдады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Шеслана Құсаинова, @sheslana_kusainova

Күні кеше «Жыл киноактрисасы» атанған Жазира Еркін алғаш рет театр сахнасында өнер көрсетпек! Келіп жатқан халықтың қарасы қалың. Ал біз санаулы уақыттан соң қойылымды тамашалап, көрерменнің пікірін білетін боламыз!

 

Бірнеше күн бұрын Revue News Жазира Еркіннің театрдағы дебюттік рөліне дайындығын таспалаған еді. Ал бүгін арнамыз халықпен бірге актрисаның киелі сахнаға алғашқы қадамын көрмекке дәмәлі.

 

Спектакльді тамашалауға ниет еткен көрерменнің ішінен бірқатар танымал тұлғаларды да көзіміз шалып қалды. Кино жобаларда Жазира Еркінмен бірге өнер көрсеткен Марат Оралғазин әріптесіне артар үміті мол екенін тілге тиек етті:

 

Марат Оралғазин, шоумен, тележүргізуші:

– Жазира өзінің ішкі дүниесі бөлек, харизмасы бөлек актриса, сондықтан қолдан келеді деп ойлаймын. Қасында жаңағыдай сақадай сай, кәдімгі кәсіби қаншама жылдық тәжірибесі бар актерлер өнер көрсетіп жатыр. Солардың арасында енді басты рөлде өнер көрсету ол бір үлкен оңай емес, бекерден бекер емес деп есептеймін.

– Біз қойылым басталмас бұрын сахна сыртына өтуге рұқсат алдық. Ендеше Жазира Еркінмен бірге жұмыс істеген қалай екен? Әріптестерінен сұрап білейік. Кеттік.

Жанаргүл Жаныаманова, актриса:

Талабына көркі сай, өте талантты актриса. Енді театр сахнасында қалай болады екен қазір көресіздер өздеріңіз.

Алмас Шаяхметов, актер:

– Мен өзімнен бұрын сахнадағы серіктесім үшін, Жазира Еркін үшін қатты қобалжып отырмын. Өйткені, ол менің қазіргі сахнада ойнайтын әріптесім.

 

Жазира Еркіннің театр сахнасындағы алғашқы қадамы тәуелсіз театрдың «Мені тауып алшы» спектаклінен бастау алды. Актриса аталмыш қойылымда Зарина есімді кейіпкерді сомдайды.

 

Дебютант атанған Жазира Еркін спектакль аяқталған соң қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, дайындық барысында жан дүниесін үрей билегенін де жасырмады:

Жазира Еркін, актриса:

– Өте сиқырлы сахна! Бір кездері жаңағы репетиция кезінде сахнаның мысы мені басып кеткендей болды. Кейін енді күн ұзаққа міне репетиция жасап, кішкене бойым үйренгеннен кейін бір сенімділік пайда болды.

– Сахнада тұрып әріптестеріңіздің қолдауын сезіне алдыңыз ба?

– Сезіндім. Иә. Барлығы сезіліп тұрады екен. Барлығы сөзсіз түсінікті энергетикалық деңгейде.

 

Спектакльді тапжылмай тамашалаған өнер сүйер қауым ыстық ықыласы мен қошеметін аямады. Десе де актриса Жазира Еркіннің өзіне көңілі тола қоймаған сыңайлы.

Жазира Еркін, актриса:

Жалпы енді өзіме деген бір сындарым бар. Дегенмен бірінші ретке меніңше былай жаман емес сияқты. Енді көрермен өз бағасын береді ғой.

Фариза Ескермес, актриса:

– Жазираның бірінші міне театрға қадам басуы. Бұл күнді міндетті түрде мен көруім керек болды. Өйткені ол менің жақын құрбым. Жазираны құттықтаймын. Оның талантына ешқандай күмән жоқ.