Мәлік Хасенов, Дженнифер Лопес концертінің ұйымдастырушысы:
– Біз ұсыныс тастағанда бұл күн бос болған. Кейіннен «Қайрат» пен «Жеңіс» клубтары өз арасында ойын күнін ауыстырған. Бұл ақпаратты әкімшілік те, біз де өте кеш білдік. Яғни біз Орталық стадионмен келісім жасағанда ешқандай ойын болмаған. Кейін бәрі реттеліп, ойын күні кейінге шегерілді. Сондықтан, Футбол федерациясы мен командаларға түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіргіміз келеді.
Аталмыш жайт тек мәдени ғана емес, экономикалық тұрғыдан да маңызды оқиғаға айналмақ. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 29 елден 8 мың турист келеді. Бұл сатылған билеттердің 30%-ын құрайды. Ал ел экономикасына түсетін пайда мынадай соманы құрайды:
Мәлік Хасенов, Дженнифер Лопес концертінің ұйымдастырушысы:
– Есептеуіміз бойынша 5 млрд. Қазақстан бұрыннан үлкен концерттерге дайын болған. Тек осыған дейін келген әлемдік жұлдыздардың бәрі тек бір шара аясында, мемлекет қаржысынан шақыртылған. Ал бұл ең алғашқы коммерциялық жоба.
Әлемдік жұлдыздың гонорарында ешқандай өзгеріс жоқ. Тек райдер бойынша мынадай талаптар қойылған:
Мәлік Хасенов, Дженнифер Лопес концертінің ұйымдастырушысы:
– Техника жағынан өте қатаң райдер талап етілді. Айта кетейін, оны 100% отандық компания қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жұлдыз бен командасының қауіпсіздігі үшін 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Қазақстан Джей Ло-ның әлемдік турындағы 3 сағатта солд-аут жинаған ең алғашқы ел. Еске салсақ, Алматыдағы кеш 10 тамыз күні 19:00-де өтеді. Ішке кіргізу 15:00-ден басталады. Билет мәселесіне келсек, бұл жолы алып-сатарлардың құрбаны болу қауіпі жоқ. Себебі, барлығы тек ваучер арқылы жүзеге асырылады.