Жаңа тренд! Жұлдыздар «Қайрат» футбол клубына жарыса ән жазуда!
Мөлдір Нұрғалиқызы, тілші
– Қайрат футбол командасы чемпиондар лигасына өтті! Ендігі кезек лайықты гимн табу! Бұл тұста өнер иелері аянып қалмады! Бірінен соң бірі Қайратты қолдап ән жазып жатыр! Бір сұрақ: кімнің туындысы Қайраттың әнұранына айналады?
Айнұр Аманбаева, ФК «Қайрат» жанкүйері:
– Қайраттың фанатысыз ғой?
– Иә.
– Қанша жылдан бері қарайсыз?
– 2009 жылдан бері.
– Осыған дейін Қайраттың гимні болды ма? Өзінің әнұраны?
– Мен қазір гимндардың бәрін ұмытып қалдым, білетінім: «Алматы – столица мира! Алматы – махаббатым.»
– Гимн болатын болса, мен міндетті түрде тыңдаймын!
ФК «Қайрат» жанкүйері:
– Қазақстанның әйгілі бір әнші айтқанын естімедім. Бірақ, «Тобыл» деген команданың фанаттары «Қайратқа» шығарған.
– Алға, Қайрат!
– Жеңіске, Қайрат!
– Алға, Қайрат!
«Қайрат» футбол командасының бұған дейін өз гимні болмаған. Тек жанкүйерлер айтатын ұран ғана. «Қайраттың» чемпиондар лигасына өткен тарихи сәтін қалт жібермеген музыканттар, аяқдопшыларға ән арнады.
Ғибрат Жұмағұлов, «Алатау серілері» тобының солисі:
– Арнайы соны біліп, не болмаса осы плэй офф-кезеңіне өткен кезде, «ойбай, гимн шығарайық» деген ондай бір иттік тірлік болған жоқ бізде. Адамгершілікпен біз алдын-ала бәрін жасап қойғанбыз.
ESKO, музыкант:
– Былайынан қарап отырсаң, мен мүлде футбол қарамайтын адаммын. Бірақ, осы сәт менің ішімнен бір түртетіндей бірдеңе жасады. Және мен ойынды қарап отырып үлкен шабыттандым.
Дегенмен, жігіттердің ойлағаны бір, жасағандары мүлдем екі түрлі дүние. Мысалы «Алатау серілері» «Қайратқа» арнап, арнайы гимн жазған.
Жасұлан Мұсағалиев, «Алатау серілері» тобының жетекшісі:
– Ән арнау бір басқа, гимн бір басқа. Әнді арнап, «Қайрат баса бер, шаба бер, тоқтама!» деп, айта беруге болады. Біздің нұсқамыз гимнге тиісті. Рухты, марш темпті. Ең бастысы қазақы үн.
Ал оқиғаға сүйеніп, ән жазуға әуес музыкант Есконың туындысы мүлдем басқа жанрда. Айтуынша, бұл туындының шығуына жанкүйерлер себеп болған.
ESKO, музыкант:
– Бұл фанаттардың ниеті. Тіпті Марат Оралғазиннің өзі 100 000 теңге берді, аранжировка жасауға. Онымен қатар Әлімжан Асқардың «қарашы Еуропа, бұл қазақтың баласы!», - деген өте керемет рухты оятатын сөзі бар. Қазіргі коментаторлар Арчибальт, Еділ Анарбай, олармен де келістік. Ертең бейнебаянда көретін боласыздар. Жалпы айтқанда көптеген адамдар үлесін қосып жатыр.
Еsко ел болып жазған әнді «Қайраттың» өзіне тыңдатпаған. Халықтың жүргенінен шықса, футбол командасының тарапынан ұсыныс күтетінін жасырып қалмады. Ал «Алатау серілері» бірінші болып бастама көтергенімен, клуб тарапынан қолдау таппаған.
Ғибрат Жұмағұлов, «Алатау серілері» тобының солисі:
– Біз гимнді жазатын кезде, өзіміздің талабымызды айтуды ұмытып кетіппіз. Біз орысша мәтін, терминдер қоспайтынымызды ескертпеппіз. Біз тек қазақи форматқа, өзіміздің нақышқа қарай бұрмалаған едік. Қайраттың фанаттарының көбісі орысқолды жанкүйерлер. Ішінде шетелдің азаматтары да бар деген сияқты. «Арасында орысша мәтін жоқ, бұл бізге кішкене орындауымызға ауырлау болады»,- деген жауап алдық ол кісілерден
Қай туынды «Қайраттың» гимніне айналатынын уақыт көрсетеді. Біреуінікі мықты, не әлсіз деп баға беруден аулақпыз. Не болса да әр әннің өз тыңдарманы табылары сөзсіз.