Күні кеше Денис Теннің рухына арналған VI халықаралық турнир өтті. Бұл жарысқа әлемнің 25-тен астам елінен 150-ге жуық спортшы қатысты. Айта кетейік, сайыс 2019 жылы бастау алған, ал ұйымдастырушысы – Денистің анасы – Оксана Тен.
Оксана Тен, «DENIS TEN MEMORIAL» ұйымдастырушысы, Д. Теннің анасы:
– Турнирдің жақсы өткеніне және барлық спортшылардың гала-шоуда өнер көрсеткісі келгеніне өте қуаныштымын. Сонымен қатар қала тұрғындарының б да шараға қызығушылық тангытқанына дән ризамын.
4 күнге созылған турнир «Арманмен Олимпке» атты гала-шоуға ұласты. «Денис Тен мемориал» халықаралық турниріне үздік спортшылармен қатар алыс-жақын шетелден арнайы қонақтар да келді.
Ари Закарян, спорттық жобалардың продюсері (Армения):
– Ол өте дарынды, ақылды, еңбекқор және данышпан жігіт еді. Егер Денис тірі болса, ол спортта ғана емес, барлық салада өте жоғары деңгей көрсететін еді.
Гала-шоуда орын алған перфоманстан кейін көрерменнің көңілі босады. Шарада Денис Теннің «She won’t be mine» әні жаңа интерпретацияда ұсынылды. Туындыны музыкант Kyle Ruh орындады. Бұл композицияда жас мәнерлеп сырғанаушы- Диас Жиренбаев марқұмның сахналық қойылымдарын қайталады.
Kyle Ruh, музыкант:
– Сол әннің формасын бастапқы Денистің сезімін содан шығып кетпей, басқа жаққа кетіп қалмай сол энергияны адамдарға жеткізу. Біздің мақсат сол болды.
Ал музыкантқа ұсыныс Денис Теннің анасының тарапынан түскен екен.
Оксана Тен, «DENIS TEN MEMORIAL» ұйымдастырушысы, Д. Теннің анасы:
– Біз Денистің үні үлкен аренада қайта естілгенін қаладық. Сол үшін әнді жаңа нұсқада ұсынуды жөн көрдік. Kyle Ruh-тың дауысының тембрі Денистікіне сай келді. Сол үшін Кайлды таңдадық.
Турнир әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушыларын жинап қана қоймай, жаңа есімдердің танылуына себепкер болып келді. Осы жылы додада Корея, АҚШ, Канада, Грузия, Қазақстан елдерінің спортшылары арнайы жүлдеге ие болды. Олардың барлығы Денис Теннің жанкүйерлері мен ізбасарлары...
Артур Смағұлов, спортшы:
– Мен Дэнис Теннің фанатымын. 9 жасымда ол бізге мастер класс өткізді. Сонда мен өз көзіммен онымен кездестім да, ол айтты маған «Сен бір күні Олимпиада чемпионы боласың!» деп. Сол сөзді әлі есімде сақтап отырмын.
Диас Жіренбаев, спортшы:
– Кумир! Әрине мен үшін бірінші орында ұлы Денис. Және мен өз мансап жолымда Денистің жанкүйерлерін өте көп кездестірдім.
Денис Тен «келместің кемесіне» мініп кетсе де, марқұмның есімі ешқашан өшпейді. Себебі оның армандары мен алға қойған мақсаттары әлі күнге дейін орындалып келеді...
Оксана Тен, «DENIS TEN MEMORIAL» ұйымдастырушысы, Д. Теннің анасы:
– Қазіргі жасап жатқанымның барлығы Денистің арманы еді. Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортын дамыту, жастарға көмектесу. Ол өз шоуының жалғасын тапқанын қалайтын.