Испанияда «ҚарЛАГ» лагері жайлы «La Tregua» фильмінің премьерасы өтті!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Бітім!» Испанияда қаралы ҚарЛАГ тарихын ашып көрсететін әлемдік картинаның жабық көрсетілімі өтті. Netflix таспалаған аталмыш туынды қазақ тарихын бүкіл елге танытпақ. Бұл еліміз үшін айтулы жоба екені анық.
Дина Тасболатова, актриса:

Білмеймін, менде қазір әлі сөз жоқ. Кішкене сене алар емеспін. Бұл бір уақытта әртүрлі ой мен эмоция тудыратын фильм. Сондай бір жылы сезімдер оятады, тіпті көзге жас келеді.

 

Фильм желісі 193745 жылдары әлемнің түкпір-түкпірінен келген тұтқындар мекені Қарағанды лагерінде өрбиді. Дәл осы жерге Испанияның 2 түрлі ұшқыштар дивизиясы тап болады. Алайда өзара бітіспес жаулар өзге жерге келген соң, келіспеушілікті шегеріп, татуласуына тура келеді. Бұл арқылы режиссер қазіргі таңдағы маңызды тақырыпты көтергісі келген.

Мигель Анхель Вивас, режиссер:

Бұл фильмде мен қазіргі мәселелерді қиын кезеңмен ұштастырғым келді. Бүгінде адамдар идеологияны, мораль мен адамдық құндылықтардан жоғары қояды деп ойлаймын. Мен осы туынды арқылы адамгершіліктің маңызды екенін көрсеткім келді. Негізгі идеясы да – осы.
 

Қазақ халқының мейірімі мен төзімділігі арқасында миллиондаған тұтқын Қазақстанды екінші Отаны деп таныды. Бұл фильм өткеннің азабын жеңілдеткен халықтар достығы туралы және оны бүгінгі күні сақтап қалудың маңызын баяндайды.

 

Картина толықтай Испан елінде таспаланған. Тіпті арнайы лагерьдің көшірмесі тұрғызылып, түсірілім жұмыстары аяқталған соң ол жер туристік нысанға айналған.
Мигель Анхель Вивас, режиссер:

Мен бәрін шынайы болғанын қаладым. Қар да, жаңбыр да, тіпті кейіпкерлер ұстаған заттар да бәрі өмірдегідей көрінсін деп тырыстық. Сол үшін бүкіл команда – продюсерлер, суретшілер, костюмерлер, актерлер де көп еңбектенді.

Мигель Эрран, актер:

Бұл өте қиын, бірақ ерекше жоба болды. Себебі, Қарлагта испандықтар да болған, бұл тарих біз үшін де қымбат. Түсірілім барысында, біз соны сезіну үшін лагерьдегідей бірге тұрдық. Бұл фильмдегі адамдардың бір жерде қамалып, бір-біріне сеніп өмір сүру динамикасын жақсы жеткізуге көмектесті.
 

«La Trеgua» — Қазақстан мен Испанияның бірлесіп түсірген жобасы. Түп негізі қазақ тарихынан алынғанмен, актерлық құрам шет елдіктермен толыққан. Дегенмен басты рөлдің бірі Отандасымыз, актриса Дина Тасболатоваға бұйырды. Актерлердің арасында тіл жағынан, не ойын бойынша еш кедергі болмаған. Тіпті екеуара сезім ұшқыны пайда болған көрінеді.

Дина Тасболатова, актриса:
– Түсірілім барысында бір сәттік махаббат немесе құмарлық болған жоқ. Одан да терең сезім болды.

Мигель Эрран, актер:

Өте қызық сезім. Дина адам ретінде, актриса ретінде қатты таңқалдырды. Ол үздіктердің үздігі.

 

Бұл жауаптар сюжет желісіне байланысты болуы да мүмкін. Рас-өтірігін толықметрді көрген соң айта аласыз. Картинаның қазақша нұсқасы 30-қазанда үлкен экранға жол тартады!